Kazinform агенттігіне — 105 жыл: құттықтаулар мен жылы лебіздер

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі — Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай агенттік ұжымының атына мемлекеттік органдардан құттықтау хат-хабар келіп жатыр.

Kazinform агенттігіне — 105 жыл: құттықтаулар мен жылы лебіздер
Коллаж: Kazinform

Kazinform ұжымын алғашқылардың бірі болып Қазақстан Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай құттықтады.

— Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 105 жылдығы құтты болсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан құру бастамасын жан-жақты насихаттап, еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында мемлекетшіл сана қалыптастыруға атсалысып келе жатқан еңбектеріңіз жемісті болуына әрдайым тілектеспін, — деп ықылас танытты.

Одан әрі ҚР Парламентінің Сенаты мерейтойға орай жылы лебіз жеткізді.

— Сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде ғасырдан астам уақыт бойы беделін сақтап келе жатқан агенттік Сенаттың жұмысын және еліміздің маңызды оқиғаларын жариялауда ерекше үлес қосып келеді. Шығармашылық табыс, жаңа идеялар және тың белестер тілейміз! , — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атынан құттықтау келіп түсті.

— Агенттік бір ғасырдан бері тынымсыз ақпарат таратып, қалың оқырманның ықыласына бөленіп келеді. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жариялап, мемлекетіміздің ғасырлық шежіресін тасқа қашады. Осы уақыт ішінде Kazinform ақпарат айдынында бірегей орны, өзіндік қолтаңбасы бар іргелі ұжымға айналды. Мұнда елге белгілі қарымды қайраткерлер мен ұлт зиялылары қызмет етті. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды реформаларын жан-жақты насихаттауға, оларды іске асыруға зор үлес қосып жатырсыздар, — дейді спикер. 

Артынша еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақ ақпаратының қара шаңырағына арнайы келіп ықыласын жеткізіп, ұжымды мерейтоймен құттықтады. 

— Халықаралық мәртебеге ие болған беделді ұйым еліміздің медиа кеңістігінде айрықша орынға ие болып, Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірі туралы шынайы да сенімді ақпаратты шекара асыра жеткізетін маңырды арнаға айналды. Жаһандық ақпараттық ағын үдей түскен заманда медиаресурс — сенімді әрі тексерілген мәліметтердің қайнар көзі ретінде Қазақстанды шетелде объективті таныстыру ісінде Сыртқы істер министрлігінің маңызды серіктесі, — делінген құттықтау хатында.

Одан бөлек Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы басшылығы агенттік ұжымына шабыт пен жаңа белестерге жетуді тіледі.

— Орталық сайлау комиссиясы атынан сайлау және референдум науқаны кезінде үнемі ақпараттық қолдау көрсетіп, сайлау процесінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуге қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз және жоғары бағалаймыз, — делінген құттықтау мәтінінде.

Kazinform агенттігінің 105 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және басқа мемлекеттік органдарының басшылығы ұжымды құттықтады.

Шығармашылық ұжымның мерейтойымен ортақтасқан ұйымдар қатарында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі де бар.

Бүгін Қазақстан жылнамасының жаршысы Kazinform агенттігіне — 105 жыл

Мерейтойға орай агенттікте бірқатар материал жарияланды. Оқырмандарға Kazinform таспалаған тарихи суреттерді ұсынған едік

Осынау атаулы дата қарсаңында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ардагері, Қазақ редакциясының 1997-2011 жылдар аралығындағы бас редакторы, белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқап Бейсенбайұлын сөзге тартқан болатынбыз

Соңғы жаңалықтар