Kazinform мамандары MNU студенттеріне төте жазу әліпбиін үйретеді
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі Maqsut Narikbayev University студенттеріне төте жазу әліпбиін үйрету жобасын іске асырып жатыр. Жоспарға сай, 300-ден астам болашақ заңгер осы жазуды оқып, үйренеді.
– Биыл тұңғыш рет студенттерімізге төте жазуды үйреткелі жатырмыз. 3 апталық курстан Құқық Жоғары Мектебінің 1-курс студенттері өтпек. Төте жазуды меңгеру «Құқықтану» және «Халықаралық құқық» мамандығының студенттеріне тарихқа тікелей жол ашып қана қоймай, ХХ ғасырдағы қылмыс заңдарының төте жазумен басылған қазақша нұсқаларын түпнұсқада оқуға мүмкіндік береді. Бір ғасыр бұрынғы қылмыстық кодексті оқып, түсіне алу қабілеті студенттерімізге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне басқа қырынан қарауға, оны жақсарту жолында өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік береді. Төте жазуды меңгерген 1-курс студенттері жоғары курстарда осы білімдерін бейіндік пәндер аясында еркін пайдаланып, болашақта бәсекеге қабілетті, мықты кәсіби маман болып шығуға мүмкіндік алады, - дейді Жоғары гуманитарлық мектебі Жалпы білім беру пәндері департаментінің үйлестірушісі Гүлзат Әлімбаева.

Оның айтуынша, келесі оқу жылында төте жазу курсын басқа мамандықтың студенттеріне де енгізу жоспарланып отыр.
- Осыған дейін университет қызметкерлеріне де 3 күндік курс ұйымдастырылған болатын. 3 күн бойы Университет оқытушылары мен қызметкерлеріне төте жазу қаріптері үйретіліп, тарих беттеріне саяхат жасалды. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді Гүлзат Қанатқызы.

Аталған жоба ҚР Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сабақты «ҚазАқпарат» ХАА Төте жазу редакциясының шеф-редакторы Ризабек Нүсіпбекұлы жүргізеді.
- Қазақтың алғашқы газеттері төте жазумен жарық көрді. Ұлтымыздың заңғар жазушылары өз шығармаларын осы жазумен жазды. Алашорда заңгерлері қылмыстық заңдарды төте жазумен хатқа түсірді. Біз төте жазуды үйрену арқылы тарихтың терең қатпарларына бойлай аламыз. Кешегі данышпан, ғұлама бабаларымыз жазып кеткен мұраларды түпнұсқада оқуға мүмкіндік туады. Толық курс барысында студенттер төте жазу әліпбиінің тарихи маңызымен танысып қана қоймай, жазуды еркін оқып, жаза алатын деңгейге жетеді, – дейді Ризабек Нүсіпбекұлы.

Төте жазу – қазақтың тұңғыш әліпбиі деуге толық негіз бар. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиі негізінде қазақ тілінің өзіндік дыбыстық ерекшеліктерін сақтай отырып, икемді әрі қолайлы қазақтың төл әліпбиін жасады. Бұл жазу 1929 жылға дейін мектептерде оқытылды.
Бүгінгі таңда төте жазу әліпбиін Қытай және Ирандағы қазақтар қолданады. Сонымен бірге Алтайдан ауа көшіп, Гималай тауынан асып, Түркия және Еуропа елдеріне жеткен қазақтардың біразы осы жазуды оқи алады.
Айта кетейік, Kazinform агеніттігі 2009 жылдан бастап төте жазумен ақпарат таратып келеді.