Kazinform тілшісі «Өзбекстанның Алтын қаламы» сыйлығын жеңіп алды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің тілшісі Мәдибек Жәнібеков журналистика саласындағы Өзбекстанның ең белді «Алтын қалам» сыйлығының бас жүлдесін жеңіп алды.

Жүлдені табыс ету салтанаты Ташкент төріндегі «Халықаралық форумдар сарайында» өтті. Оған министрліктердің өкілдері, депутаттар, халықаралық және жергілікті ақпарат құралдарының тілшілері, ардагер журналистер мен шетелден келген мәртебелі меймандар қатысты.

«Алтын қалам» халықаралық сыйлығын жеңіп алғандардың қатарында Өзбекстанда үш жылдан астам Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі қызметін атқарған Мәдибек Жәнібеков бар. Жүлдені табыстау барысында өзбек тарапы әріптесіміздің бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесін атап өтті.
- Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының жаңа деңгейге шыққаны Мәдибек Жәнібековтің мақалаларында жарқын көрініс тапты. Ол әсіресе, мәдени байланыстардың дамуына ереше үлес қосты. Тиісінше, «Алтын қалам» сыйлығы осы қажырлы еңбектің еленгенін көрсетеді, - деді өзбекстандық журналист Дмитрий Поваров.
Салтанатты іс-шарада сөз алған Мәдибек Жәнібеков бұл жеңістің артында бүтін Kazinform ұжымының еңбегі жатқанын атап өтті.
- «Алтын қалам» сыйлығын алу - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл - бауырлас халықтар арасындағы өзара сенімге негізделген достықтың жаңа деңгейге шыққанын аңғартады. Аталған марапат тек менің жетістігім емес, ол Kazinform агенттігі ұжымының еңбегі. Өзбекстан тарапының көрсеткен құрметіне алғыс білдіремін. Қос ел арасындағы қарым-қатынастың нығая беруіне тілектеспін. Сонымен қатар барлық әріптестерімді кәсіби мереке - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын! - деді Мәдибек Жәнібеков.
Айта кетейік, «Алтын қалам» халықаралық сыйлығы Өзбекстандағы БАҚ өкілдеріне табысталатын ұлттық жүлде саналады. Ол 2006 жылы көршілес елдің президентінің бастамасымен тағайындалған.
JIBEK JOLY телеарнасы «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығының екі номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.