Президент телерадиокешені қызметкерлері марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM – 28 маусым – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Kazinform агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Талғатжан Мұхамадиев мемлекеттік наградамен марапатталды.

Kazinform тілшісі Президенттің «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапатталды
Фото: Ақорда

- 2025 жылғы 23 маусымдағы Жарлық бойынша «Шапағат» медалімен наградталды, - деп жазылған медаль құжатында.

Жарлыққа Президенттің қолы қойылған.

- Еңбегімнің еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл - тек менің ғана емес, халықаралық Kazinform агенттігінің марапаты. Біздің ұжымда «Бірлік» атты ұлы күш бар. Сол бірлігімізден айырылмай, биіктерді бағындыра берейік, - деген әсерімен бөлісті Президент қолынан марапат алған әріптесіміз Талғатжан Мұхамадиев.

Талғатжан Мұхаметбекұлы Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО «Алдаспан» газетінде тілші болып бастады. ШҚО «Менің өлкем» газетінде тілші, республикалық «Жас қазақ», «Заң» газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО «Менің өлкем» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Сонымен қатар Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының тілшісі Күнсая Құрмет-Рахимоваға ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы табысталды.

марапат Ерболат Мұхамеджан
Фото: Ақорда

Jibek Joly / Silk Way» телеарнасының жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан «Құрмет» орденімен марапатталды.

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алдым. Бұл мемлекеттік награданы жеке жетістік ретінде емес, соңғы он жылдан астам табанды еңбектің, бастамалар мен жобалардың бағалануы деп қабылдаймын, - деп жазды тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Президентінің телерадиокешені — толық циклды қазақстандық медиа-компания, құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы, Silk Way және Silk Way Cinema халықаралық телеарналары, Kazinform ХАА және Деректі фильмдер орталығы кіреді.

Айта кетейік, Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады.

Соңғы жаңалықтар