«Қазинвестбанк» салымшыларына 768 млн. теңге өтемақы төленеді

«Қазинвестбанк» АҚ-ты лицензиядан айыру туралы шешім мынадай факторлардың болуына негізделген. Бірінші кезекте, бұл - кредиттеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқару бойынша әлсіз ішкі саясат пен рәсімдер. Мұндай қызмет сапалы кепілдермен қамтамасыз етілмеген несие портфелі кредиттік тәуекелдерінің қарқынды өсуіне әкелді. Атап айтқанда, кепілдер негізінен нақты активтермен емес, болашақта түсетін ақшамен және мүлікпен ұсынылған. Бұл банктің портфеліндегі осындай қарыздар үлесінің 80 пайыздан астамын құрайды. Сонымен бірге 50 пайыз қарыз бойынша қарыз алушыларға жеңілдікті талаптар беру фактілері қарызды өтеу бойынша жеңілдікті кезең ұсыну, сол сияқты өтеу мерзімдерін жаппай ұзарту түрінде байқалады», - деді Олег Смоляков.
Оның айтуынша, кредиттік тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі рәсімдердегі кемшіліктер орнықсыз қаржылық жағдайы, мысалы, теріс меншікті капиталы, жинақталған шығындардың жоғары мөлшері бар қарыз алушыларды, берілетін кредиттердің сомаларына сәйкес келмейтін бизнесті жүргізу кірістері мен ауқымдары бар қарыз алушыларды кредиттеуге мүмкіндік берді. Банктің несие портфелінің жартысынан астамын құраған қарыздарды іріктеп талдау нәтижелеріне негізделген ең төмен бағалау бойынша, провизияларды (резервтерді) қосымша қалыптастыру бойынша әлеуетті шығындар 30 млрд. теңгеден астам құрайды. Оларды біржолғы тану 20,6 млрд. теңге мөлшеріндегі теріс капиталдың туындауына әкеледі.
«Екіншіден, банкті лицензиядан айыру туралы шешім қабылданған сәтте корреспонденттік шоттардағы және кассадағы ақша қалдығы 1,9 млрд. теңге болды. Ал сол сәтте кейінге қалдырылған төлемдер сомасы шамамен 20 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде банк 2016 жылғы 14 желтоқсаннан бастап төлемдердің орындалмау фактілеріне жол берді. Барлығы 230 млн. теңгеден астам сомаға 50-ден астам төлем құжаты орындалмады», - деді ол.
Бұдан басқа, Ұлттық банк банктің қызметін қадағалау аясында ұзақ уақыт бойы банк менеджментімен және оның акционерлерімен ашық сұхбат жүргізіп, банк капиталының қабылданған тәуекелдерге барабар болмауы және өтімділіктің төмен көрсеткіштері жағдайларында банкке қаржылық қолдауды қамтамасыз етудегі шұғыл қажеттілікті белгіледі. Соған қарамастан, банкті барабар қайта капиталдандыру уақтылы жүзеге асырылған жоқ, ал Ұлттық банктің кредиттеудің ішкі саясатын және рәсімдерін өзгерту бойынша талаптары уақтылы орындалған жоқ.
«Ұлттық банк басқармасы несие портфелінің жоғары кредиттік тәуекелдері және банктің менеджментімен және акционерлерімен сұхбат жүргізудің сындарлы нәтижелерінің болмауы фактілерін назарға ала отырып, банкті лицензиясынан айыру және банкке уақытша әкімшілікті енгізу туралы шешім қабылдады»,- деді төраға орынбасары.
Бұл ретте ол банк ауқымының шамалы екендігін атап өткен. Банк жүйесінің активтері мен міндеттемелері бойынша үлесі небәрі шамамен 0,7 пайызды құрайды.
«Ұлттық Банк жеке тұлға салымшыларға теңгемен және шетел валютасымен депозиттердің, төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақшаның Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі ҚДКҚ) кепілдігімен қорғалғанын тағы да еске салады, яғни сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы одан әрі шешім қабылдаған жағдайда ҚДКҚ жеке тұлға салымшыларға кепілдікті өтемақы төлемдерін жүзеге асырады. Кепілдіктің ең жоғары шегі мынадай: теңгемен депозиттер бойынша 10 миллион теңгеге дейін; шетел валютасымен депозиттер бойынша 5 миллион теңгеге дейін. Өтемақының әлеуетті сомасы 768 млн. теңгені құрайды. ҚДКҚ-ның кепілдікті өтемақыны төлеуге арналған қаражаты 500 млрд. теңге болады. Яғни салымшылардың барлық депозиттері кепілдік берілетін сома шегінде толық көлемде қанағаттандырылады»,- деді Смоляков.