Қазір адамзат баласы тап болып отырған жаһандық проблемалардың сындарлы шешімі көп жағдайда діндераралық диалогқа байланысты - Әбсаттар қажы Дербісәлі

АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі таңда адамзат баласы бетпе-бет келіп отырған жаһандық проблемалардың сындарлы шешімі көп жағдайда діндераралық диалогқа байланысты.
None
None

  
 Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі аясында бүгін Астанада өтіп жатқан «Моральдік және рухани құндылықтар, әлемдік этика» деген тақырыптағы секциялық мәжілісте бұл пікірді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Діни құндылықтарды сақтап, көбейту әлемнің үйлесімді дамуының рухани-адами негізін қалыптастырады. Егер адамдар  моральдік және рухани құндылықтарды сақтайтын болса, онда әлем шын мәнінде үйлесімді дами алады. Бейбітшілік, әділеттілік, сенім, сүйіспеншілік, мейірімділік, теңдік. Осы терең гуманистік құндылықтар әлемдік және дәстүрлі діндердің адамгершілігіне тән дүниелер болып табылады. Бұлар  заманның жаһандық проблемаларын ушықтырған қазіргі қаржылық экономикалық дағдарыс жағдайында аса көкейкесті болып отыр. Бірінші кезекте бүл жерде лаңкестікпен күрес, ядролық қарудың жайылуы, бақуатты және кедей елдердің арасындағы айырмашылық, аштық және кедейлік туралы сөз болып отыр.  Осы жаһандық проблемалардың сындарлы шешімі көп жағдайда діндераралық диалогқа байланысты», - деді өз сөзінде Әбсаттар қажы Дербісәлі.

 Оның айтуынша, моральдік және рухани құндылықтар рухани мәдениеттің іргетасы болып табылады. Тарихи руханилық көбінесе моральдің және діни құндылықтардың негізінде қалыптасады. «Рас, түптеп келгенде бұл түсінік өзіне тілді, өнерді, музыканы, әдебиетті және тағы басқаларды қоса отырып барынша кең мағынада қолданылады. Дейтұрғанмен, екі жағдайда да моральдік және рухани құндылықтардың, әлемдік этиканың мәнін діни құндылықтар қалыптастырады», - деді Бас мүфти.

 Осы орайда Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ халқы қашанда төзімділігімен және қонақжайлылығымен ерекшеленгенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар