Қазір қандай мамандарға сұраныс жоғары – талапкерге кеңес
- Дастан Аспанұлы, сауалдың әлқиссасын бүгінгі нарықта аса қажет болып отырған салалардан бастасақ. Биыл қандай мамандықтарға сұраныс жоғары және олардың орташа жалақысы қандай?
- Жалпы әр түрлі дерек көздерінде түрлі сұраныс нәтижелерін табуға болады. Ресми статистика мен нарықтағы жағдай жиі сәйкес келе бермейтінін ұмытпайық. Сонымен қатар зерттеу жасағанда фокус топтары мен зерттеудің көздеген мақсаты да үлкен рөл атқарады. Ресми статистикалық ақпаратты менсіз де біліп аларсыздар. Онда жұмыс іздеушілердің бәрі минималды жалақыға қанағаттана салатындай көрсетілген.
Мен сіздерге біздің нарықтан жинаған шын ақпаратты берейін. Біздің мәлімет 2021 жылдың қыркүйек айынан ағымдағы жылдың мамыр айына дейінгі аралықты қамтиды.
Ол edunavigator.kz кәсіби бағдар диагностикалық платформасы арқылы жиналған.
Сонымен 9 ай ішінде ел бойынша ең көп сұранысқа ие мына мамандықтар:
· Сатушы - еліміз бойынша 48 565 бос орын бар. Орташа жалақысы - 187 000 теңге.
· Аккаунт-менеджер - еліміз бойынша 39 128 бос орын бар. Орташа жалақысы - 193 000 теңге.
· Іс-қағаз маманы - 21 843 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы -166 000 теңге.
· Есеп-қисап маманы - 16 489 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 184 000 теңге.
· Сатып алумен айналысатын маман - 15 133 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 168 000 теңге.
· Логистикалық сарапшы маман - 13 560 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 164 000 теңге.
· Құрылыс инженері - 10 710 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 224 000 теңге.
· Маркетолог маман - 9 326 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 194 000 теңге.
· Бағдарлама құрастырушы маман - 8 601 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 316 000 теңге.
Бұл ақпараттарда шындық көп екенін ұмытпайық. Тек қана біздікі хақ деген мәртебеге ұмтылып тұрған жоқпыз. Біздің платформаның мақсаты - балаларға мамандықты таңдағанда көмек беру, яғни компаниялар қазір қандай маманға қанша төлеуге дайын екенін көрсету.
- Сұраныс аз, бірақ жалақысы жоғары және болашағы бар қандай мамандықтарды айтар едіңіз?
- Ең сұранысы аз, бірақ жалақысы жоғары мына мамандар:
· Авдокат - 33 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 315 000 теңге.
· Әлеуметтанушы - 8 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 293 000 теңге.
· Тергеуші - 7 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 270 000 теңге.
· Білім саласын дамыту маманы - 54 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 242 000 теңге.
· Арт-директор - 92 бос жұмыс орны бар. Орташа жалақысы - 241 000 теңге.
· Продюсер, режиссер, саясаттанушы, зергер, дыбыс режиссері, актуарий (математиканың бір саласы), маркшейдер (тау-кен саласының инженері) сияқты мамандарға да сұраныс бар. Олардың орташа жалақысы - 211 000 - 224 000 теңге аралығында.
- Ресми дерек бойынша, соңғы 4 жылда техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Неліктен бұл бағытқа қызығушылық танытқандар саны артып келеді?
- «Заманың түлкі болса, тазы болып шал», дейміз ғой. 2000-шы жылдардың басында мәртебесі жоғары банк, қаржы, экономика мен заң салалары деп талай адам диплом үшін сол мамандықтарға ақша төлеп оқыды. Мүлдем қабілеттері болмаса да, осы «престижі» жоғары мамандықты тәмәмдасам болды, адам болып кетем деген талай әріптестерім жұмыс таба алмай қатты қиналды. Өз басым трендтің жетегінде кетіп қалмай, өзіне ұнайтын мамандықты таңдау өте дұрыс деп ойлаймын.
Халыққа жалпылама бағыт беріп тұратын мемлекеттік бағдарламалар мен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылатын мамандықтары халық құлағына шалынып, мамандық таңдауға да септігін тигізеді. Цифрландыру, өндірістік жаңғыру, өнеркәсіптік даму сияқты көп сөздер жиі естілген соң, жоғары оқу орындары да қалыспай техникалық мамандарды даярлауға жоспарланған гранттарға қол жеткізу үшін әрекет істейді. Осының бәрі техникалық мамандардың тапшылығын көрсетіп, олардың мәртебесін жоғарылатып, түлектер тарапынан сұранысты арттырады деп ойлаймын.
Техникалық мамандықтарды жақсы біліп шыққан жастар өздеріне жұмысты шет елден табу оңай екенін интернеттен оқып, біліп алады. Әсіресе, ақпараттық жүйелер саласында техникалық біліктілікті жетілдіріп алған жастар қашықтан жұмыс істеп, жалақыларын шетелдік валютада алатынына сенімді. Шетелдік валютамен алатын жұмыс орындары өсіп келе жатқан жастарға қызық. Жаһандану біз ойлағаннан әлдеқайда жақын.
- Жастар мамандық таңдауда шешімді қалай қабылдайды? Дәл қазіргі нарықтағы жалақысына қарай ма, әлде болашақ перспективасын ескере ме?
- Біздің зерттеулерге жүгінсек, еліміздің жастарының көпшілігі мамандықты ойланбай таңдайды. Мамандықты таңдау әлі де сол баяғы әйтеуір дипломым болсын, деп кез келген қолжетімді грант үшін университетті таңдай салып, төрт жыл өзіне ұнамайтын мамандықтың артында жүреді. Жалпы елімізде диплом үшін оқуға түсуді тоқтату қажет екенін халық түсінбейді. Дипломы жоқ адамдар өзін мүшкіл сезінуді доғарған жөн. Қолынан келетін, көңілінен шығатын кәсіпті үйреніп соның нәпақасын алып дамуды ойлаған дұрыс. Осыдан екі ай бұрын Швейцарияның «Global Swiss Learning» компаниясының қызметкерлерімен бірнеше рет кездестім. Ол компанияның айтуы бойынша, Швейцариядағы банктердің ең үлкен бастықтарының тек 30-40 пайызы ғана жоғары оқу орындарын бітірген. Қалғандарының бәрі - «Vocational Education» оқу орындарының түлектері. Қазақша айтқанда, демалып жүріп білім алғандар. Яғни, біздегі колледж бітірген жастар сияқты. Өкініштісі бізде жұмыс берушілер колледж түлектерін менсінбейді және жұмысқа алғанда көбіне жоғары дипломы барларды таңдайды. Бұл әрине министрлік қарамағындағы мекемелердің колледждердің мәртебесін төмен деңгейде ұстап тұруы, дамыта алмауы.
Балалардың бәрі мамандықты көз жұма таңдайды деп айтуға болмайды. Ақылмен мамандық таңдап, өз жолын 5-10 жылға жоспарлап тастаған балалар да бар. Алайда, ондайлардың саны айтарлықтай төмен. Ондай жастар көбіне білімдерін жиі жетілдіріп, кәсіби бағдарларды тек қазақ платформаларында ғана өтіп қоймай, шетелдік кәсіби мамандардан қашықтан ақыл-кеңес алып, «Болашақ» бағдарламасымен шет елден білім аламын деп жоспарлап жүреді. Көбі инжинерия, жасанды интеллект, дата аналитика немесе басқа ІТ саласының мамандықтарын таңдайды. Бұл мамандықтар перспективті әрі жалақысы да жақсы.
- Өткен жылы бір топ депутат жастар сұранысқа ие болмаған мамандықтарға оқып алып, жұмыссыз жүреді, деп пікір айтты. Сіздің ойыңызша, біз неліктен талапкерлерді қызметке орналасу мүмкіндігі төмен салаларға оқытамыз?
- Бұл - жиі көтерілетін мәселе. Шынымды айтсам, депутаттар мен шенділер ренжиді. Дегенмен айтпасқа болмас. Оқуға бөлінген гранттарды универститеттерге бөліп беруді тоқтату керек. Гранттар балаларға берілу керек, ал бала өзіне ұнаған универститетті таңдауы қажет. Сонда университеттер білім сапасын жақсартуға тырысады. Жатақхана сапасын, көлемін арттыруға көңіл бөледі. Қазір кез келген университет ойына келген мамандыққа лицензия дайындап, иттің итақайын дайындайды. Бұл - менің ойымша, қате. Бұрын мысалы теміржол саласының мамандарын теміржол саласына маманданған институттар дайындайтын. Ал құрылысшыларды ҚазГАСА оқытатын. Гранттарды аңдыған оқу орындарының пысық ректорлары көп гранттарды жинап алып, сапалы жағдай болмаса да талапкерлерді дайындаумен айналысады.
Қызығы - жылдан жылға мемлекетіміз жұмыссыздар санын азайтумен күресті арттыруда. Нәтижесін статистикалық деректерден естиміз. Ал қарапайым халықтың байып жатқаны қатты көрінбейді. Біздегі халықты қызметпен қамтамассыз ететін министрлік, білім министрлігі және бизнес арасында байланыс үзіліп қалған. Әр министрлік өзінің күнделікті тірлігімен, бюрократиясымен шапқылауда. Сол баяғы статистикамен бірін-бірі алдауда. Егер нарықтағы мамандар тапшылығы дұрыс анықталса, шынымен де жоқ мамандарды дайындау дұрысталар еді. Қандай маман қай салаға, қай өңірге, тіпті қай компанияға таяу 5 жыл ішінде керек екенін анықтап, ЖОО-ға тапсырма берсе, маман даярлайтын жүйе қалыптасар еді.
Бізде болса жоғары оқу орындары ескі білім бағдарламасымен, ескірген немесе көзбояушылық үшін дайындалған статистикаға жүгініп, болашақта нарыққа мүлдем қажет емес мамандарды даярлайды. Солардың біразы мемлекеттік гранттармен бітіріп шығады. Яғни, біздің бюджет болашақ жұмыссыздарды өндіруді қаржыландырады. Түбегейлі өзгерістер жасалмаса, бұл жағдай өзгермейді. «Ештеңе жасалып жатқан жоқ» деп айтуға болмайды. Мемлекетіміздің басшылығы осы жылдың сәуір айында халықтың табысын арттыру бағдарламасын ұсынды. Соның ішіндегі бір жоба «Мамандығым -Болашағым» деп аталады. Осы жоба аясында балаларға кәсіби бағыт-бағдар процесін енгізу, профориентаторларды дайындау, кәсіпорындармен бірлесе нарық талабына сай жаңа оқу бағдарламаларын шығару, содан соң барып халықты жаңа жұмыс орындарымен қамту қарастырылған. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған. Жалпы жаман бастама емес. Қандай нәтиже әкелетінін уақыт көрсетер.
- Алдағы 3 жылды қамтып көрейік. Сіздердің зертеулеріңіз бен сараптамаларыңыз бойынша алдағы 3 жылда қандай мамандарға деген сұраныс жоғары болмақ?
- Біз қазір Қазақстанда, ТМД елдерінде, Батыс Еуропа және Солтүстік Америкада барынша сұранысқа ие бірқатар мамандықтарды анықтадық. Оның нәтижесінде бэкенд-құрастырушы (сайттарға арналған ақпараттарды өңдеу, сақтау бағдарламаларын құрастыратын маман), бизнес-сарапшы және тестілеуден өткізетін мамандардың жетіспейтінін байқадық. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде тапшы. Сондай-ақ, продакт менеджер (қандай да бір жобаға жетекшілік етіп, оны ілгерілету шараларын ұйымдастыратын маман), фронтенд құрастырушы (сайттардың дизайнын жасайтын маман) сияқты кадрлар да көп сұраныста.
Алдағы үш жылда әр мамандық бойынша сұраныс көлемін нақты есептеу қиын. Бұл ретте біз ағымдағы жағдайға қарап, тек жобалық болжамдар жасай аламыз. Мысалы, Қазақстанда жоғарыда аталған мамандарға жыл сайынғы қажеттілік 20 мыңнан 30 мыңға дейін жетеді. 2019-2020 жылдары Қазақстанның ІТ саласында шамамен 110-155 мың адам жұмыс істеді. Басқа елдерде бұл қажеттілік одан да жоғары болуы мүмкін. Мысалы, Ресей Федерациясында жыл сайын шамамен 222 мың жоғары білікті маман және 76 мың орта білікті маман тапшылығы байқалады.
Еуроодақ елдерінде ІТ мамандарын жалдау және даярлау жағдайы ауыр күйде. Олар жыл сайын Үндістан, Қытай және Пәкістаннан 500 мыңнан астам шетелдік маманды жұмысқа шақыруға мәжбүр.
Қарапайым механик-тракторшы мамандығын алайық. Қазір ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ қай өңірге барсаңыз да таркторшылар жетіспейді.
Жалпы болашақта сұранысқа ие мамандықтарға қарайтын болсақ, онда Қазақстанның жаңа кәсіптері атласына жүгіну қажет. Онда сіз жақын арада пайда болатын мамандықтарды таба аласыз. Бір қызық мысалға тоқтала кетсем. 2020 жылы осы атлас жарияланғанда көп адам оған енген мамандықтарға күмән келтірді. Атап айтқанда, кибер-адвокат мамандығына. Ал енді өткен аптада Сүлейман Демирель Университетінде IT құқық (магистратура) мамандығына талапкерлерді қабылдау басталды. Міне, сондықтан алдағы уақыттағы қажеттілікті ескерген абзал.
- Дастан Аспанұлы, талапкерлерге пайдалы һәм болашағын қалыптастыруға септігін тигізер мәліметпен бөлісіп, тұшымды сұхбат бергеніңізге рахмет!