Қазіргі келісілген шарт бойынша 86 миллион АҚШ долларына 28 вагон аламыз - М.Өкшебаев

Бұл жайында бүгін «Метрополитен» ҚМИ директоры Мұрат Өкшебаев мәлім етті.
М.Өкшебаев Алматы метросының электр пойыздарын әзірлеуде Ресей, Еуропа, Корея, Канада компаниялары тендерге қатысып, соның ішінен Кореяның Hyundai компаниясы жеңіп шыққандығын айтты. «Жалпы әлемнің 290 елі аталмыш компанияның вагондарын пайдалануда. Қазіргі келісілген шарт бойынша 86 миллион АҚШ долларына 28 вагон аламыз, бұл 7 құрылым болып табылады», дейді ол.
Сонымен қатар Мұрат Өкшебаев Елбасының нұсқауы бойынша Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай метроны іске қосу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
«Вагондар барлық техникалық талаптарды ескере отырып Алматы метрополитені үшін арнайы шығарылған. Барлық вагондардың толассыз өтетін жолы бар. Сондай-ақ жылжымалы құрылымдарда кондиционер мен бейне бақылаудың арнайы жүйелері орнатылған», деп атап өтті ол.
Алматы метрополитенін ары қарай жетілдіруге арналған техникалық-экономикалық негіздемені дамыту жүріп жатыр, онда Абай даңғылының бойымен «Қалқаман-3» шағынауданына дейін және «Райымбек батыр» бекетінен «Алматы-І» бекетіне дейін созу қарастырылуда.
Электр пойызының қазіргі уақытта бекіткен келісімі бойынша жол ақысы 75 теңгені құрамақ. ТМД елдерімен салыстырғанда бұл ең төменгі баға болып табылады екен.
Алматы метрополитені жоспар бойынша тәулігіне 300 мың жолаушыны тасымалдамақ, ал бұл өз кезегінде жолдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосатыны анық.