Қазкоммерцбанк алғашқы тоқсанның қорытындысын жариялады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Банктің таза табысы 3 айда 5,6 миллиард теңгені құрап, клиенттердің есепшоттарындағы қаражат 9,2 пайызға артты. Бөлшек депозит 5,5 пайызға өсіп, пайызсыз таза кіріс 4,9 миллиард теңге болды. Ал жұмыс істемейтін заемдар 26,4 пайызды құрады.
Резервті қалыптастырғанға дейінгі пайыздық таза кіріс пайыздық активтердің құнсыздануынан 27,6 пайызға төмендеді. Өткен жылдың бірінші тоқсанында ол 51,4 миллиард теңге болса, биылғы жылдың сәйкес кезеңінде 37,3 миллиард теңгеге дейін азайып отыр. Биыл өткен жылмен салыстырғанда алғашқы тоқсанда операциялық шығындар 9,1 пайызға ұлғайды.
Корпоративтік секторға бөлінген қарыз көлемі 1 896,1 миллиард теңге болды. Өткен жылдың аяғында ол 1 886,6 миллиард теңгені құраған еді. Корпоративтік сектор клиенттеріне берілген қарыздың үлесі 2009 жылдың соңындағы 87,3 пайыздан бірінші тоқсанда 87,7 пайызға дейін өсті. Корпоративтік бизнес клиенттері қаражатының көлемі мемлекеттік бағдарламамен берілген қаражатты есептемегенде 873,2 миллиард теңге болды. Жыл басында ол 773,3 миллиард теңге болатын. Ал бөлшек секторға берілген қарыз көлемі 265,3 миллиард теңгені құрап, алғашқы тоқсанда 12,7 пайыздан 12,3 пайызға дейін кеміді. Ипотекалық заемдардың қарыз көлеміндегі үлесі 1-ші тоқсанда бөлшек бизнесте 58,1 пайыз болды.