17:56, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
«Қазкоммерцбанк» шағын және орта бизнесті қаржыландырады
АЛМАТЫ. Ақпанның 16-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – «Қазкоммерцбанк» шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға үшінші транш алды. Бұл жайында бүгін «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның басқарушы директоры Бейбіт Әпсенбетов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үшінші траншқа сәйкес банкке түскен қаржының жалпы сомасы 16 млрд. теңгені құрайды. Бұл «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арасында ақпанның 14-інде қол қойылған келісімінің арқасында жүзеге асып отыр. Бір заңды тұлға үшін қарастырылған заемнің мөлшері 850 млн. теңгеге дейін, несиелендіру мерзімі - 7 жыл, ал жылдық тиімді ставкасы - 12,5 пайыз. Бұл жағдайда кәсіпорындардың орташа жылдық активтер құны 413,7 млн. теңгеден аспауы тиіс, ал ондағы қызметкерлердің бір жыл ішіндегі орташа саны 250 адамнан артық болмауы қажет. «Қазкоммерцбанк үшін бұл ақшаның тиімді ставкасы 8 пайыздық болады, маржа 3,5 пайызды құрамақ», - дейді Б. Әпсенбетов. Оның айтуынша, бүгінде банк 10 000 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді, бұл көрсеткіш осыдан бір жарым жыл бұрынғымен салыстырғанда 4 мың адамға төмен.Банк мамандарының пікірінше, бөлінген қаржының 70 пайызы бұған дейін алынған несиелерді қайтадан қаржыландыруға жұмсалады. Ал осы уақытқа шейін «Даму» қоры арқылы 12 млрд. теңге және 2,7 млрд. теңге көлемінде екі транш игерілген болатын.