«ҚазМұнайГаз Өнімдері» басшысы бензин бағасына қатысты пікір білдірді
Серіктестік басшысына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың қараша айының соңында АИ-92 бензині арзандауы мүмкін деген болжамына қатысты сұрақ қойылды. «Экономикалық тұрғыдан бұл қаншалықты мүмкін?» деген сауалға «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмырзин өзінің жауабын берді.
«Мұнай өнімдерімен айналысатын кез келген компанияның ережелері бар. Ол отынды өзі сатып алған бағадан арзан бағада сатпауы керек. Біз делдал компания болып табыламыз. Тек қана бұл отынды сатып аламыз да, белгілі бір шекті бағада қайта өткізуіміз керек. Егер біз оны арзан бағада сатып алып, оған шығындарымызды қоссақ, арзандамайды деуге де келмейді», - дейді ол.
Қуандық Құлмырзиннің айтуынша, қазір Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты да АИ-92 бензинін өндіріп жатыр.
«Біз қазан айында айтқанымыздай, бензиннің 1 литрінің 160-161 теңгелік бағасы - қазақстандық АИ-92 мен импорттық АИ-92 бензині арасындағы орташа баға болып табылады. Егер ортақ қордағы импорттық бензин өтсе, қазақстандық бензиннің үлесі артады. Бірақ мәселе қазір АИ-92 бензинінде емес, дизельдік отында. АИ-92 бензинін Атыраудағы және Шымкенттегі зауыттармен бірге Павлодар мұнай зауыты да өндіріп жатыр. Сондықтан, бензинді Ресейден импорттаудың аса қажеттілігі жоқ. Ортақ қордағы қазақстандық бензиннің үлесі артса, бұл бензин бағасының тұрақтылығын алып келеді. Қазақстандық бензиннің бағасы орташа есеппен литріне 155-160 теңге болса, Ресейден келетін импорттық бензин 160 теңгеден 174 теңгеге жетеді. Осы себепті бізде бензиннің бағасы 161-163 теңге болып отыр», - дейді Қуандық Құлмырзин.