11:01, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы биыл тауар мен қызмет түрлерін сатып алуға 343 миллиард теңге жұмсайды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы биыл тауар мен қызмет түрлерін сатып алуға 343 миллиард теңге жұмсайды.

Бұл кеше «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның отандық өндірісшілерден тауар және қызмет көрсету түрлерін сатып алу туралы алматылық кәсіпкерлермен өткізген алқалы жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниялар тобы биыл 343 миллиард теңгенің тауарлары мен қызмет түрлерін сатып алуды жоспарлап отыр. Бізде 1998 жылдан бері мұнай-газ машиналарының жаңа түрлерін игеру арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін еліміздегі 321 машина жасау кәсіпорындарымен байланыс орнатып олардың 309 түрлі жаңа өнімдері мен жабдықтарын қолданысқа енгіздік», дейді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық компания өз жұмысына қажетті айдау станоктарын, кабель өнімдерін, трансформаторлар мен сорғы жабдықтарын 100 пайызға отандық өндірісшілерден сатып алуда. «ҚазМұнайГаз» биыл да Алматы қаласындағы өндірісшілерден тауар мен қызмет түрлерін сатып алуға ең кемінде 8 миллиард теңге жұмсамақ.