ҚазМұнайГаз үшін аса маңызды бағыттар қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания үшін аса маңызды бағыттарды атады.

«ҚазМұнайГаз» үшін аса маңызды бағыттар қандай
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бүгінде акцияларымыздың құны көтеріліп келеді мұны қоғамға жария ететін есеп-қисаптарымыздан да көре аласыздар. Дегенмен, біз үшін бірнеше бағыт аса маңызды. Біріншісі — бұл геологиялық барлау. Қазіргі таңда геологиялық барлау бағытында 13 жобаны іске асырып жатырмыз. Бұл саладағы белсенді жұмыс жалғасады. Екінші басымдық — мұнай өңдеу. Ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты бағдарламаларымыз бар. Үшінші — мұнай-химия өндірісі. Біз стратегиялық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асырудамыз. Үкіметтің қолдауымен Қазақстан ұзақ мерзімде мұнай өндіру көлемін жылына 100 млн тоннадан жоғары деңгейде ұстап, жаңа геологиялық перспективаларды игеруді жалғастырады, — деді ол.

Компания басшысы елімізде полипроплиен өндірісі қолға алынып, жыл сайын өнім көлемі артп түсетінін айтты. Сонымен қатар полиэтилен жобасы қолға алынғанын атап өтті.

— Балама энергия көздерін дамыту жұмыстарын да қолға алдық. Бұл жұмысты көміртексіздендіру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жоспарларды толығымен орындау үшін жүргіземіз. Қазақстан Үкімет 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы бағдарламасын мақұлдады. Соған орай ҚазМұнайГаз ірі компания ретінде бұл бағытта да жұмыс істейді. Жаңаратын энергия көздеріне қатысты да жобаларымыз бар. Мәселен, Жаңаөзенді қатты отынмен де, табиғи газбен де жүмыс істейтін гибридті электр стансасы салынып жатыр. Өткен жылы серіктесіміз Eni компаниясымен 50 мегават іске қосылды. Бұл жұмысты жалғастырамыз, — деді ол.

Айта кетейік, форумға Қазақстан Үкіметінің мүшелерімен қатар, Орталық Азия елдерінің ресми делегациялары, халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік және ұлттық энергетикалық компаниялардың топ-менеджерлері, жетекші сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері қатысып жатыр. KEW-2025 бүгінде энергетика саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылап, жаңа шешімдер ұсынатын әрі өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды халықаралық алаң ретінде ерекшеленуде. Биылғы іс-шараға 50-ден астам мемлекеттен 2,5 мыңнан астам делегат пен 300-ден астам ірі компанияның өкілдері жиналды.

Соңғы жаңалықтар