Қазмұнайгаздың мұнай қоры неше жылға жетеді
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының дәлелденген мұнай қоры 785 млн тонна болады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет кулуарында айтты.
Оның сөзінше, компания өзі қатысатын әрбір кен орнын техникалық және экономикалық тұрғыдан бағалайды. Ал мұнай қорының көлемін Мемлекеттік қорлар жөніндегі комиссия бекітеді.
— Қазір Қазмұнайгаздың мұнай қоры 785 млн тоннаға жетіп отыр. Бұған компанияның өзі басқаратын кен орындарындағы және бірлескен кәсіпорындардағы қорлар кіреді. Бұл — дәлелденген қор. Оған қоса, кен орындарын қосымша барлау және шикізат қорын толықтыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр, — деді Асхат Хасенов.
Компания басшысының түсіндіруінше, жылына шамамен 26 млн тонна мұнай өндірілетінін ескерсек, қазіргі қор математикалық есеп бойынша 45 жылдан астам уақытқа жетеді.
— Алайда бұл 45 жылдан кейін мұнай қоры таусылады деген сөз емес. Шикізат қоры үнемі толықтырылып отырады, геологиялық барлау жұмыстары жалғасуда. Ұңғымалар бұрғылап, жаңа мұнай ағындарын анықтаған соң, оларды бірден қор есебіне енгіземіз. Бұл — үздіксіз жаңарып отыратын процесс, — деп атап өтті ол.
Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ саласында шикізатты терең өңдеуге және газ ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық берілетінін айтқан еді.
Сондай-ақ Германия, Корея, Аустралия мамандары Қазақстанның жер қойнауын зерттейді.