«Қазпошта» 400 пошта бөлімшесін жаңартуды жоспарлап отыр
Бұған дейін жөндеуден өткен Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Талдықорған, Тараз және Ақтау қалаларындағы бөлімшелер ашылды, деп хабарлайды «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі
Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматы қаласының жаңғыртылған бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысты. Кездесу барысында «Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қонақтарды жаңартылған бөлімшенің жұмысымен таныстырып, компанияның қызметтерін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
«Біз барлық бөлімшелерімізді жаңартып, олардың инфрақұрылымын жаңғыртып, бизнес-процестерді қайта қарастырып жатырмыз. Кезекте тұрмай және көптеген құжаттарды толтырмай жаңа кеңселерге келіп қызметтерді алу мүмкіндігі Алматы азаматтарының көңілінен шығады деп үміттенеміз. Алматыда бұл 4 жаңартылған бөлімше, жоспарымыз бойынша бұл қалада 18 бөлімше жаңартылады», - деді Қазпошта басшысы.
Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, пошта бөлімшелерін жаңғырту барысында жұмыс кеңістігін оңтайландыруға ерекше көңіл бөлінді: операциялық бөлмелердің ауқымы функционалдық емес кабинеттерді жою арқылы 9 000 шаршы метрден 19 000 шаршы метрге дейін өсті. Сондай-ақ, жаңартылған бөлімшелерде бір деңгейлі және кедергісіз қызмет көрсету терезелері енгізілді, жеке және корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету аймақтары, пошта және қаржы қызметтері залдары бөлінді, операциялық терезелердің саны көбейтілді.
«Жаңа жұмыс форматына көшу халыққа қызметтер көрсету сапасын арттырумен бірге сәлемдемелерді алу және жөнелту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде, сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қысқарды, ал супермаркеттер арқылы берілетін сәлемдемелер саны екі есеге артқан», - деді ол.
Аталған бөлімшелерді жаңғырту, тек күрделі жөндеуді ғана емес, сонымен қатар технологиялық құрамдардың жаңартылуын көздейді. Барлық жаңғыртылған пошта байланыс бөлімшелері бірыңғай электронды кезек жүйесімен, видео қадағалау және өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етілген.
Қызмет көрсету залдарындағы жағдайды бақылау үшін, барлық бөлімшелердің жұмысын онлайн режімінде бақылайтын Ахуалдық қызмет орталығы құрылды. Осындай орталықты ашу жұмыс барысында орын алатын қателіктерге, оның ішінде қандай да бір көрсетілетін қызметті алу кезінде кезектердің туындауы жағдайында жедел түрде әрекет етуге мүмкіндік берді.
Оның үстіне пошта байланыс бөлімдері тәулік бойы жұмыс істейтін болады («POST 24» өзіне-өзі қызмет ету аумағы): қаржы қызметі бойынша - банкоматтар және төлем терминалдары, ал почта қызметтері бойынша - поштаматтар болады. Жаңғыртылған бөлімдерде қабылдау және аудармаларды жүргізу валюталық кассалары бар.
Жаңғырту бағдарламасы бойынша Қазақстанның 197 елді мекенінде орналасқан 400 пошта бөлімшесін жаңарту жоспарланып отыр.