Қазпоштаның шығыны не себепті өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров еліміздегі пошта бөлімшелірінің проблемасын атады. 

Қазпошта
Фото: Kazinform

«Көптеген шекаралас ауылдық елді мекендерде әлі күнге дейін ұялы байланыс, интернет және пошта желілерінің жоқтығы құпия емес. Осы аймақтарға зейнетақы жеткізіп, күнделікті түрде бұқаралық ақпарат құралдарын тасымалдап отыратын кәсіпорын - «Қазпошта».

«Қазпошта» алыс ауыл-аймақтағы азаматтарға банктің рөлін атқарып, зейнетақы жеткізіп, ақпарат құралдарын тарататын «өмір жолы». 2017 жылы белгіленген тарифтер «Қазпоштаның» шығындарын өтемейді. Қызметтің өзіндік құны 247,67 теңгені құрайды, ал мерзімді басылымдарды ауылдық жерлерге жеткізудің бекітілген тарифі – 17,6 теңге. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шығындар 12,1 млрд теңгені, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 12,3 млрд теңгені құраған. Ал субсидиялар қажетті 8 млрд теңгенің орнына тек 2,05 млрд теңгесін ғана жабады», - деді Е. Саиров Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, жыл сайын ауылдарда «Қазпошта» бөлімшелері жабылып жатыр. 2022 жылы 33 филиалдың, ал 2023 жылы 13 филиалдың жұмысы тоқтады.

«Осы үрдісті жалғастыра отырып, 900-ге жуық бөлімше жабылуы мүмкін. Шекаралас елді мекендердегі «Қазпошта» бөлімшелерінің жабылуы мемлекеттік саясаттың осы өңірлерде әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Елді мекендерде газеттер мен журналдардың болмауы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сияқты күрделі проблемалар болары анық. Шекаралық аудандардағы «Қазпоштаның» қызметі - Ұлттық Қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі», - деді депутат.

Оның пайымынша, «Қазпоштаға» қолданыстағы тарифтерді ұлғайту арқылы мерзімді баспа басылымдарын жеткізуді субсидиялауды арттыру керек. Сонымен қатар аудандық және ауылдық әкімдіктердің мемлекеттік ғимараттарын салу кезінде қолдау шарасы ретінде пошта бөлімшелерін өтеусіз негізде орналастыруды қарастыру қажет.

Соңғы жаңалықтар