Қазір 518 кәсіпорын 410 колледжді қамқорлыққа алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір 551 колледжде 91 мыңнан аса студент дуальды оқыту негізінде білім алып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте кадрлық әлеуетті нығайту тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
«Кадрлық әлеует – елдің табысты дамуының кілті және кәсіпті дұрыс таңдау, әсіресе, мектептен бастау алу маңызды екенін Президент Жолдауында бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты Министрлік мамандықты саналы және еркін таңдауға бағытталған «Маман» ұлттық бағдарламасының жобасын әзірледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушылардың қызығушылықтарын айқындай отырып, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін бағыттарын дамыту», - деді Ғ. Бейсембаев.
Сонымен қатар ол жұмыс берушілерді тарта отырып кадрлар даярлау жұмыстары жүзеге асып жатқанын айтты. Бизнес пен колледждің тығыз қарым-қатынасын орнатудың бір тәсілі – колледждерді қамқорлыққа алу. Қазір 518 кәсіпорын 410 колледжді қамқорлыққа алды. Кәсіпорын өкілдері қамқоршылық кеңестерге кіреді, материалдық-техникалық базаны жабдықтайды, өндірісте жүйелі тәжірибе ұйымдастырады.
«Қазіргі кезде 551 колледжде 91 мыңнан аса студент дуальды оқыту негізінде білім алуда. Ал 2029 жылы 160 мыңға жуық студентті қамтитын боламыз. Еңбек кодексіне сәйкес дуальды оқытудағы практикалық кезең студенттің еңбек өтіліне есептеледі (6 айдан 1,5 жылға дейін). Бүгінгі таңда академиялық дербестік негізінде, кәсіптік стандарттар және WorldSkills талаптары ескеріліп, 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы нақтыланды әрі тізілімге енгізілді. Сонымен қатар, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың нысаналы тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылып отыр. Қазір 30 мыңнан астам студент оқыса, 2029 жылы 80 мың студентті қамту көзделген», - деді министр.
Бұдан бұрын хабардланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Себебі қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға артық.
Еске салсақ, биыл күзде колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50 пайызға өсті.