Қазір еңбек кітапшасы қажет пе
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек кітапшасы бұрынғыдай міндетті емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маманы Jibek Joly телеарнасының “Бүгін LIVE” бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

– Еңбек кітапшасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес, еңбек өтілін растайтын құжаттардың бірі. Бірақ ол бұрынғыдай міндетті емес. Қазір еңбек кітапшалары электронды жүйеге көшіп жатыр. Құжаттарды цифрландыру үшін жауапты министрлік пен өзге де мемлекеттік мекемелер атқарып жатқан жұмыстар қарқынды, – дейді Асхат Жұмалы.
Алайда бұл құжат кей азаматтарға қажет болып қалуы да мүмкін.
– Десе де, еңбек кітапшасын керек емес деп лақтырып тастауға болмайды. Бұл 90-шы, 2000-шы жылдары жұмыс істеген азаматтарға керек болып қалуы мүмкін. Оған қоса, зейнетақы мөлшері БЖЗҚ деректері мен электронды еңбек биржасындағы мәліметтерге сәйкес есептеледі. Ал онда кей мәліметтер болмаса, азаматтар еңбек кітапшасы арқылы өз еңбек өтілін растауға құқылы, – дейді мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы.
Маман деректерді цифрландырудағы басты мәселеге де тоқталды.
– Негізгі мәліметтер электрондық еңбек биржасына тіркелуі керек. Қазіргі уақытта құжаттарды цифрландырудағы ең басты мәселе – жұмыс берушілердің электронды еңбек биржасына тіркемеуі. Сол себепті қазір Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, еңбек өтілін электронды еңбек биржасына тіркеу міндеттелді. Жауапкершілік жөніндегі жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.
Айта кетейік, енді енді еңбек шартын бес минут ішінде онлайн рәсімдеуге болады.