Қазір тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісетін ақ жаулықты әжелер аз – Айнұр Жахина

Айнұр Жахина
Фото: А. Жахинаның жеке мұрағатынан

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл елімізде Аналар кеңесінің құрылғанына 10 жыл болады. Ақмола облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау және дамыту бойынша қолға алынған жұмыстар туралы айтып, қоғамды елең еткізер мәселелер жайында ой-пікірімен бөлісті.

– Айнұр Құрманбайқызы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған кеңестің қазіргі бағыты қандай?

– Бағыт – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, оларға ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтардың, этносаралық келісімнің маңыздылығын түсіндіру. Аналар кеңесі тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөледі. «Еліміздің басты құндылығы – адам». Ал адамды дүниеге әкелетін – ана, тәрбиелейтін – ана. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде Аналар кеңесі маңызды рөл атқарады. Бүгінде аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отырғандығы көңіл қуантады.

Айнұр Жахина
Фото: А. Жахинаның жеке мұрағатынан

Жалпы, өңірде 1 облыстық, 3 қалалық және 87 ауылдық деңгейдегі Аналар кеңесі бар. Оған барлығы 1 200-ге жуық адам мүше. Олар қоғамда отбасы институтын сақтау мен нығайту бағытында қызмет атқарады. Консультативті кездесулер өткізіп, дисфункционалды отбасылармен профилактикалық іс-шаралар жүргізеді, балаларға өз мәселелерін шешуге көмектеседі, табысты отбасылардың тәжірибесін жас ата-аналарға үлгі ретінде таратады. Аналар кеңесі кездесулер, диалог алаңдары, шеберлік-сыныптары, жәрмеңкелер, қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрады.

Әйел мен баланың мәртебесін, отбасылық институт құндылықтарын арттыру маңызын түсіне отыра республикалық деңгейде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын ұйымдастыру ұсынылған болатын. Осы жобаның аясында мектептерде Аналар кеңесін, Әкелер кеңесін құрып, қыздар және ұлдар клубтарын ашу мәселелері талқыланған облыстық «Әкелер мен аналар» семинарын өткіздік. Қазіргі таңда өңірдегі мектептерде 14 Аналар кеңесі жұмыс істейді.

Сонымен бірге, біраз мектепте қыздар және ұлдар клубтары ашылды. Солардың ішінде белсенділерін алсақ, М. Ғабдуллин атындағы 3 көпсалалы гимназиясында «Инабат» қыздар клубы, 17 мектеп-гимназиясында «Мәншүк» қыздар клубы, 4 мектепте «Сырғалым» қыздар клубы, 18 мектепте «Қыз жібек» қыздар клубы, Ж. Мусин Жоғары педагогикалық колледжінде «Кербез» қыздар клубы жұмыс істейді. Осы клубтарда отбасы кұндылықтарын насихаттау мен ұлттық салт-дәстүрді ұстануға, әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуға, сондай-ақ, ата-аналарға балаларды тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастыруға, қоғаммен белсене араласуына көмектеседі.

Көкшетауда ұйымдастырылған «Асыл аналар», «Аналар үйі», «Сенімен Болашақ», «Зерделі ұрпақ» қоғамдық бірлестіктерімен бірлескен жұмыстар өз ретімен жүріп жатыр. Жетістікке жеткен әйелдердің жоғары сынып оқушыларымен және колледж студенттерімен кездесулері, шеберлік сағаттары өткізіп тұрады.

А. Жахина
Фото: А. Жахинаның жеке мұрағатынан

– Бала тәрбиесі жөнінде тарқатып айтып өтсеңіз…

– Ата-бабамыз баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Үлкенге сәлем бер», «Үлкеннің жолын кесіп өтпе» деген ұлағатты сөздерді бала кезімізден құлағымызға құйып өстік. Бүгінгі ұрпақ тәрбиелеуде осы өсиеттер өте қажет. Мектептерде Аналар кеңесін құрған себебіміз де осы, бала тәрбиесіне мән беру. Аналар кеңесі ата-аналарға консультативті көмек береді. Себебі, баланың бойындағы барлық тәлім-тәрбие анадан басталады. Сондықтан, балаларды тәрбиелеуді тек мектепке тапсырып қойып отырудың қажеті жоқ. Ең алдымен, баланың тәрбиесімен ата-анасы айналысуы тиіс. Ал, біз әрдайым көмек көрсетуге әзірміз.

– Аналар кеңесінің жұмысында қандай қиындықтар бар?

– Әрине, қиындықтар бар. Кез келген салада қиындықтар болады, ол – заңдылық. Бірақ та, біз оған мойымаймыз. Аналар кеңесінің өзі сол қиындықтармен күресіп, жеңу үшін құрылып отыр. Жоспарымыз көп. Дегенмен, соны жүзеге асыруға қаржының жоқтығы қолбайлау болып отырған жайы бар. Қаржы тек іс-шараларға ғана бөлінеді. Кей кезде баланы киіндіру және мектепке даярлау сияқты нақты қаржыға келіп тірелетін мәселелер болады. Ол кезде өңірдегі іскер әйелдерге шығамыз.

Екінші мәселе – жастарымыздың, балаларымыздың алдына шығып, тәрбие жөнінде тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісетін ақ жаулықты әжелердің аздығы. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрген көптеген әженің бұған уақыты бола бермейді. Сол жағынан алғанда, қиналып қаламыз. Ал жалпы, Аналар кеңесі жұмысының ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл бізге болашағымыздың жарқын болатынына сенім ұялатады.

– Соңғы кездері қоғамда ажырасу, жалғызбастылық белең алып барады. Осы жайында не айтасыз?

– Бұл – біздің елде ғана емес, бүкіл әлдемде етек алып бара жатқан күрделі мәселе. Оның себебі әр түрлі, ең бастысы – жастардың үйленіп, отбасын құруға дайын болмауы. «Үйлену оңай, отбасы болу қиын» деген осыдан қалған шығар. Көбіне материалдық жағдайдың төмендігі, жетіспеушілік үйде ұрыс-керіс шығуына себеп болады. Менің өз ойым, отау құратын жастарға консультативтік кездесулер өткізіп, психологиялық көмек беретін Отбасы клубтары болуы тиіс. Жас отбасылардың өміріне ата-аналары араласпай, қолдау көрсетулері керек. Сонда ғана, бұл мәселені жеңе аламыз.

Соңғы жаңалықтар