Қазір жаңа салмаққа бейімделіп жатырмын – боксшы Төрехан Сабырхан
АСТАНА. KAZINFORM – 30 маусымда елордада бокстан әлем кубогының кезекті кезеңі басталады. Соған байланысты ұлттық құраманың жас спортшыларының бірі Төрехан Сабырхан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында не үшін жарысқа қатыспайтынын айтып, алдағы жоспары туралы айтты.

Боксшы қазір жаңа салмаққа бейімделіп жатқанын атап өтті.
– Дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны басталған сәттен-ақ АҚШ құрамасының спортшылары келіп, бірлесіп жаттығудамыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, пайдалы дүниелерді үйреніп жатырмыз. Қазір өзімнің салмағымды 67-ден 70 келіге көтеріп, жаңа салмаққа бейімделу үстіндемін. Алда U22 Азия чемпионаты өтеді, сол додаға қатысуға мүмкіндік туып қалуы мүмкін. Алдағы жарысқа мен қатыспаймын. Бұл жолы 70 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан ағамыз бақ сынайды. Абылайхан ағаның бұл салмақтағы тәжірибесі мол. Сондықтан бапкерлер штабы дәл осы жарысқа оны шығаруды жөн деп тапты. Әрине, бапкердің шешімі - біз үшін заң. Әзірге мен осы салмақ дәрежесінде екінші нөмірлі спортшымын, - деп бөлісті спортшы.
Айта кетейік, Астанада өтетін әлем кубогында 30 мемлекеттің боксшылары бақ сынайды.
Моңғолия елінің боксшылары Астанаға ат басын бұрды.