«Ордабасы» мен «Қызылжар» Қазақстан кубогының ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - «Ордабасы» мен «Қызылжар» футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды. 

футбол
Фото: Рixabay

Бүгін шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда «Тараз» командасымен кездесті.

Бірінші лигада доп тебетін тараздық клубының футболшылары жақсы ойынымен көзге түсті. Негізінен жергілікті футболшылардан жасақталған ұжым «Ордабасының» тәжірибелі ойыншыларының емін-еркін көсілуіне мүмкіндік берген жоқ. Кейбір сәттерде гол соғуға жақын болды. Соған қарамастан шымкенттік команда сапынан Режиналду 36, Еркебұлан Тұңғышбаев 37-минутта гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. Осылайша «Ордабасы» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты.

Тағы бір кездесуде Петропавлдың «Қызылжары» сырт алаңда Шымкенттің «Оңтүстік академия» клубымен шеберлік байқасты. Алаң иелері сапынан Диас Донбай 27-минутта гол соқса, петропавлдық клубтан Мәди Хасейін 70, Рубен Бриджидо 71-минутта көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Қарсыласынан 2:1 есебімен басым түскен «Қызылжар» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан кубогы аясында «Тобыл» «Қайсарды», «Қайрат» «Тұранды» 3:0 , «Атырау» SD Family клубын 6:0, «Астана» «Жеңісті» 1:0 есебімен жеңді. 

Соңғы жаңалықтар