Қазіргі қоғам әкелерге тым талапшыл – мамандармен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде отбасы институтындағы әке рөлінің әлсіреуі өзекті мәселеге айналды. Мамандар мұның себебін бала мен әке арасындағы қарым-қатынастың алыстығымен байланыстырады. Қазіргі қоғамдағы әке рөлі қандай болу керек? Әкелерге қандай стереотиптерден арылған жөн? KazInform тілшісі бағамдап көрді.

– Біз әлі күнге дейін «әке не істеу керек, не істемеу керек, баламен кім айналысу керек» деген әңгіменің төңірегінен шыға алмай келе жатырмыз. Әкелер бала тәрбиесінде аналармен бірдей, тіпті одан да көп қатысу керек. Әке мәселесі тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде көтеріліп жатқан тақырып. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын әкелердің отбасымен, балалармен жұмыс істеуі 6-ақ пайыз болса, қазір 18 пайызға өскен, - дейді «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша қазіргі әкелер бұрынғы стереотиптерден арылуы керек.
– Қазіргі қазақ қоғамындағы әкелердің басты проблемасы, өкінішке қарай, балалармен уақытында жұмыс істемеуі. Бұл мәселеге қатысты Президентіміз де өз кітабында «Әкеммен көп әңгімелесе алмадым» деп айтып кетті ғой. Меніңше, Кеңес Одағының кезінде ер адам тек қана жұмыс істейді, ақша табады деген мәселе қалып қойған. Сондықтан, әлі күнге дейін балаларына уақытылы көңіл бөлмейді6 - дейді ол.
Бүгінде елімізде 72 мыңнан астам жалғызбасты әкелер бар. Десе де, алименттен жалтарып жүргендер де жылдан жылға артып келеді. Ал ата-аналар ажырасқаннан кейін баламен қалай қарым-қатынас жасау керек? «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы бұл мәселенің де өзекті екенін тілге тиек етті.
– Біз гендерлік теңдік деп жалғызбасты аналардың мәселесін жиі көтереміз. Бірақ жалғызбасты әкелердің мәселесі аса қарала қоймайды. Одан бөлек, елімізде ажырасу деңгейі жоғары. Сол ата-ана айырылысқаннан кейін балалармен қарым-қатынас қалай болу керек деген мәселе қазақ қоғамында әлі күнге дейін шешілмеген. Себебі, қазақтардың тарихында отбасылар айырылыспаған. Бірақ ажырасу – бүгінгі күнгі факт. Айырылысса да, баламен қандай қарым-қатынаста болу керек? Балаға қандай жауапкершілікпен қарау керек? Баламен қалай жұмыс істеу керек деген мәселелерді де қозғап, өзгертуіміз керек. Себебі, мұның нәтижесін төленбеген алименттерден байқап отырмыз, - дейді ол.

Ал психолог қазіргі қоғамның әкелерге айтар уәжі көп екенін жеткізді. Маманның айтуынша бұған әлеуметтік желідегі белсенділік әсер еткен.
– Қазіргі қоғам тарапынан әкелерге айтылатын уәж бен талап тым көп. Бұған әлеуметтік желінің әсері айтарлықтай тиді. Бір жерде қандай да бір әкенің жасаған жағымсыз қылығына байланысты бүкіл әкелерге тіл кигізіп жатады. Бір жағынан бұл – қажеттілік деп ойлаймын. Кезінде балаларына көңіл бөлмей, бірге уақыт өткізбеген әкелердің дәуірі өтті. Сол дәуірде өскен балалар қазір әкенің маңыздылығын түсіндіріп жатыр. Бұрын әкелерге аса талап қойылмайтын еді. Талап болмағанның жақсы жағын көрген жоқпыз, - дейді Ержан Мырзабаев.
Маман ата-аналардың жиі жіберетін қателігіне де тоқталды.
– Көп адам әкелеріне жақсы көретінін айта алмайды. Өйткені олардың өздері әкелерінен ондай сөз естімеген. Қарым-қатынас үлкеннен кішіге қарай құралады. Ересек адам сіздің бала кезіңізде сізге қандай қарым-қатынас құрған болса, өскен кезде сіз де оған сондай қарым-қатынас жасайсыз. Егер кішкентай кезінде ата-аналар балаларына «мен сені жақсы көремін, сенің дүниеге келгенің қандай бақыт, қуаныш» деп эмоциялық қарым-қатынас құрған болса, сол қауіпсіздікті, сол еркіндікті көрген бала дәл солай «әкешім, мен де сені жақсы көремін, сендей әкем болғанына мақтанамын, саған тек қана жақсылық тілеймін» деп өз сезімін білдіре алады. Сезім білдіру каналы ашылмағандықтан, оны көрсету қиын болады. Бұл тек балалық шақта өтеді. Есейген кезде сіз біліп тұрсаңыз да, түсініп тұрсаңыз да, іштей бір нәрсе жібермей, кідіріс болады, - дейді ол.
Психолог елімізде өз өзіне қол жұмсайтын ер азаматтар әйелдерге қарағанда 5 есе көп екенін айтты. Бұған ерлердің көбіне ішкі эмоцияларын жасырып қалуы себеп екен.
– Ең өкініштісі – психологиялық мәселелерін айтып, біздің көмегімізге жүгінетін әкелер тым аз. Олар бәрін ішіне сақтайды. «Мен ер азаматпын, шыдауым керек, бәрін өзім шешуім керек» деп ойлайды. Бар проблемалардың шешімін іздемейді. Ал оның салдары қандай болады? Елімізде ер азаматтардың әйел кісілерге қарағанда өз-өзіне қол жұмсау деңгейі 5 есе артық. Жылына 600–700 әйел өз-өзіне қол жұмсайтын болса, 3000–3500 ер азамат суицидке барады. Ерлер зиянды әрекеттерге әуес. Бұл не үшін? Адам ішкі күйзелісті, ішкі мәселелерді сау жолмен шешуді білмегендіктен – ішімдік ішу, темекі шегу, ойынқұмарлық секілді жағымсыз әдеттермен шығаруға тырысады. Ол өзіне де, айналасына да өте қатты зиян келтіреді. Сол үшін ер азамат ретінде мойындай алуымыз керек – біз адамбыз, сол үшін біз кейде өзгелердің, түрлі мамандардың көмегіне мұқтажбыз. Еш қысылмай, қажет болған кезде сол көмекке жүгінсеңіз, сіз әлдеқайда үлкен мәселелердің алдын аласыз, - дейді психолог.
Ержан Мырзабаев қазіргі әкелер бұрынғы стереотиптерге аса бағынбайтынын айтады.
– Қоғамдағы «еркек жылаймайды, сезімін көрсетпейді, мықты болу керек» деген стереотиптер жас әкелерге қатты әсер етпейді. Қазіргі жас әкелер жақсы. Олар ашық, еркін. Олар зумерлер. Олар балаларына сезімдерін айта алады, балаларымен ойнай алады. Саябақтарға, қоғамдық жерлерге барсаңыз, әкелердің емін-еркін балаларымен бала секілді ойнап жүргенін көресіз. Бұл – өте жақсы нәрсе. Сезімдерді білдіру мәселесінде біз қоғам болып осы стереотиптерді жоюымыз керек. Сенің адам ретінде кейде жылай алуың – ол сенің әлсіздігіңді көрсетпейді. Ол сенің адам екеніңді, тірі екеніңді, жүрегіңнің, көңіліңнің бар екенін көрсетеді, - дейді маман.
Психолог әкелердің балаға деген сезімі ояну үшін біраз уақыт керек дейді.
– Әйелдерде аналық инстинкт бірден пайда болмайды. Әйел оған 9 ай дайындалады. Құрсағына бала біткеннен бастап, іштегі тірі жанмен байланыс пайда болады. Анасы не сезінсе, бала да соны сезінеді; не жесе, соны жейді. Іштегі бала өзін қалай сезінсе, анасы сырттан соны сезінеді. Дегенмен, әйелдерле ана болу туа бітті инстинг. Мысалы 4-5 жастағы қыз баланы алсаңыздар менің қуыршағым бар, менің үйім бар, мынау менің бөпем деп ойнай береді. Ал ұл балаларда мұндай дағды жоқ. Олардың қолында пистолет, робот, динозавр. Әкелік сезім бірден пайда болмайды. Бұл – әлеуметтік дағды. Әке өзін қинап, ерік-жігерін қолданып, баламен араласқан сайын іштей сол сезім пайда бола бастайды. Су біртіндеп ысып барып қайнайды ғой – тура сол секілді. Көп әкелер «менде ондай сезім жоқ, демек әке болу менікі емес» деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. «Менде әкелік сезім жоқ, бірақ мен қадам жасаймын, әрекет етемін. Өзіммен жұмыс істеген сайын бұл сезім менде пайда болады» деп ойлау керек, - дейді ол.
Маман әке болудың ең негізгі 3 қағидасына тоқталды.
– Ең бірінші әке баланың өмірінде болу керек. Кешкісін үйде, жаттығуларында, жарыстарында, сабағында – яғни баланың жалпы өмірінде. Әке – тек үйге келіп кететін қонақ емес. Қолжетімді, сапалы қатысатын адам болуы тиіс. Телефон шұқылап, басқа нәрсеге алаңдап емес – нақты, шынайы қарым-қатынаста болуы керек. Екінші, әке – қорқынышты фигура емес, тірек. Бала қорыққанда, ұрынғанда, сенімсіздікке тап болғанда, әкесіне жүгіне алуы керек. «Маған не болғанын, кіммен төбелестім, неге гол сала алмадым» деген секілді сезімдерін бөлісуі қажет. Әке – қолдау білдіретін, бағыт беретін адам. Бала әкеден қорқып қашпай, керісінше қорыққан әкеге қарай жүгіру керек. Үшіншісі, әңгімелесу. Әке – балаға ақыл айтатын емес, әңгімені өрбітетін адам болуы керек. «Күнің қалай өтті, қандай матч ұнады» деген секілді сұрақтармен баланың ішкі әлеміне ену. Ең маңызды, ең естен кетпес сәттер – осы кезде туындайды, - дейді Ержан Мырзабаев.
Ал көпке үлгі болып жүрген әкелердің бірі - Бауыржан Дүйсенбаев. Жақында Ақтөбеден Көкшетауға көшіп келген егіздің әкесі балаларын ерекше тәсілмен тәрбиелеп отыр.
– Біз Ақтөбе облысынан көшіп келген кезде ойыншықтардың көп бөлігі сол туған жерімізде қалып кетті. Мына жақта жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Алғашында саябақта отбасымызбен жүргенбіз. Сол кезде қыздарымыз көлікке қызығып, көлікке отырамыз деп қоймаған соң бірнеше сағат жүргіздік. Сосын үйге келгеннен кейін ойланып жатып, балаларға картон қағаздан көлікті қолдан жасау туралы ой келді. Болконда шана бар еді. Ол шана жаз бойы бос тұрды. Сол жазда бос тұрмасын деп осындай жүретін қылып көлік жасадым. Бұл көлікті бір-ақ күнде жасап шықтым, - дейді Бауыржан Дүйсенбаев.
Блогер әке әлеуметтік желіде балаларына түрлі этикеттерді түсіндіріп, видео жариялайды. Сол арқылы олар бір оқпен екі қоянды атып отырғандарын айтты.
– Бұл видеоны жүктеу арқылы ата-аналарға баламен уақыт өткізу деген месседжді жеткізгіміз келді. Қазір балалардың көп бөлігі телефонмен отырады. Біз балаларға мүлде телефон бермейміз. Ал теледидарды күніне 15-20 минут қана көрсетеміз. Балалар ондай нәрсе көрмегендіктен орнын алмастыратын нәрсе керек. Сол үшін не түрлі ойындар ойнатып, түрлі дүниелермен айналысамыз. Өзіміздің блогымызда ең бастысы бала тәрбиесіне назар аударамыз. Және отбасылық құндылықтарды дәріптейміз. Балалардың дамуына арналған ойыншықтарды қолдан да жасауға болады деген идеяларымызды айтамыз. Сол ойыншықтардың арқасында қазір 2 жастағы егіз қыздарымыз еркін сөйлей алады. Басқа да ата-аналарға осылай жасауға кеңес берер едім, - дейді көкшетаулық тұрғын.
Айта кетейік, 1 апта бұрын Елордада белсенді әкелер арасында спорт түрлерінен сайыс өткен еді.