«KazSat-3R» жобасын қолдауға 40 млрд теңге қажет - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Андрей Лукин Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.

Лукин
Фото: senate.parlam.kz

– Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешеніне мемлекеттік сатып алулар мен технологиялық үдеріс саласында артықшылықтар мен жеңілдіктер беру қажет. Жұмыс істеуге барынша тиімді жағдай жасауымыз керек. Бұл салада университеттер мен стартаптардың қатысуымен шағын жерсеріктерді (CubeSat, микроспутниктер) жасау басты бағыт болуы мүмкін. Сондай-ақ, Жерсеріктерді басқару орталығын кеңейтіп, Қазақстанды ғарыш қызметтерін – өндіріс, ұшыру және технологиялық сүйемелдеу – экспорттаушы ел ретінде ілгерілету маңызды. Бұдан бөлек, 40,2 млрд теңге сомасында республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы «KazSat-3R» жобасын қолдау қажет, – деді сенатор А.Лукин Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Ол сондай-ақ спутниктік бағдарламаны жаңғырту, аса жеңіл тасымалдаушы зымыранды ұшыру қажеттігіне назар аударды. Бұған қоса, кадр тапшылығын жою және ғылыми негізді жүйелі түрде қалыптастыру да өзекті екенін атап өтті.

– Кадр даярлау мен ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Инженерлік-ғарыш факультеттерін ашу, тағылымдамаларды қолдау, ғылыми базаларды дамыту қажет. Озық технологиясыз тұрақты инновациялық экономика құру мүмкін емес. Жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану оларды ауыл шаруашылығында, экологияда, құрылыста және төтенше жағдайларда қолдану жұмыс тиімділігін арттырады. Әсіресе, су ресурстары, жерді пайдалану және климат мониторингі өзекті саналады. Болып жатқан өзгерістерді тіркеп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың әсерін азайту үшін нақты ұсыныстар жасау маңызды, – деді сенатор.

Депутат Орталық Азия үшін спутниктік деректердің мемлекеттік платформасын құру ұсынысын жариялады.

Еске салсақ, бұған дейін жалпы «KazSat-3R» спутнигін құруға 87,2 млрд теңге қажет екені мәлім болды. 

Атап айтқанда, Қазақстанның жаңа спутниктері қашан ұшырылатыны туралы осыған дейін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар