Сот «Қазселденқорғау» экс-басшысын түрмеден босату туралы шешімнің күшін жойды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босату туралы Алатау сотының қаулысының күшін жойды.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, бірінші сатыдағы сот заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады.
Соттың мәліметінше, Кәрім Көкірекбаевтың ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.
— Осыған байланысты апелляциялық сот Алатау қалалық сотының қаулысын жойып, ҚАЖК-нің № 57 мекемесі ұсынған сотталған адамды жазадан босату туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот алқасы бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Бұған олардың сотталған адамды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытындысы себеп болған. Сот бұл мәселе бойынша Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің атына жеке қаулы жолдады.
Сондай-ақ жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің атына да жеке қаулы шығарылды.
Айта кетейік, Кәрім Көкрекбаев сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін Алатау қалалық соты оны денсаулық жағдайына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босатқан еді.
Апелляциялық соттың қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін «Қазселденқорғаудың» бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталғанын хабарлағанбыз.
Сот анықтағандай, Кәрім Көкірекбаев пен Әділет Ахатаев лауазымды тұлғалар бола отырып, ЖСШ директоры Андрей Поплавскиймен сөз байласып, орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі мөлшерде пара алған. Сондай-ақ, Андрей Поплавский шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған. Осы әрекеттердің салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 987 827 622,63 теңге көлемінде залал келтірілген.