«Қазсушар» мекемесі халықаралық қаржы ұйымдарына 100 млрд теңге қарыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық қаржы ұйымдарының займдары еліміздегі су арналарын жөндеу мақсатында алынған. Қарыз туралы «Қазсушар» республикалық мекемесінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылдан бері 4 облыстың яғни Ақтөбе облысы, Жамбыл, Түркістан және Алматы су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйесін жөндеуге мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан займ алынды. Аталған мақсатқа Еуразиялық даму банкінен 60,9 миллиард теңге бөлінді. Ал Ислам даму банкі ирригация мен дренажды қалпына келтіру жобасына 53,2 миллиард теңге бөлді», - деді «Қазсушар» РММ бас директорының міндетін атқарушы Әсел Әбілева экология министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі цифрлық трансформация кеңесінің «Су ресурстары» тобының жетекшісі Қайырбек Сисембин алдағы уақытта халықаралық қаржы ұйымдарының займдарынан бас тарту жоспары туралы айтты.

«Біз займдардан бас тартпақпыз, өйткені сол жобаларды өз күшімізбен де жүзеге асыра аламыз. Біздің ел соңғы 16 жыл ішінде 300 миллион доллар займ алды. Оны доллармен есептегенде біз миллиардтап қайтарамыз. «Қазсушар» мекемесі қарыздарының дені яғни 100 млрд теңгеден астам сома халықаралық қаржы ұйымдарына тиесілі. Ол займдар су арналарын жөндеуге алынды. Біз осыған дейін алынған займдардың қайда бағытталғанын тексереміз. Көп дүние түсініксіз, мысалы берілген займның 40 пайызы қазірдің өзінде пайдаланылған. Займ алуды қазір тоқтатсақ қарыз шұңқырына түспейміз», - дейді су саласы маманы.

Одан бөлек, Қ. Сисембин фермерлерден төлейтін су тарифі әлі күнге дейін қолма-қол ақша арқылы жүзеге асыралатынын айтты.

Оның айтуынша, аталған мәселені автоматтандыру жағы қаралып жатыр.

Сонымен қатар су ресурстары саласында іске асырылып жатқан жобаларды қайта қаралатынын мәлім етті.

Еске салсақ, 19 сәуірде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы мен гидромелиорациялық жүйелерді қайта құруға бағытталған халықаралық қаржы ұйымдарының займдары дұрыс игерілмей отырғанын айтқан еді.

Президенттің айтуынша, үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз.

Су шаруашылығы нысандарын орталықтандырып басқаруға жауапты кәсіпорындардың жұмысына талдау жүргізіліп, соның барысында олардың тиімділігінің төмендігі анықталды.

Сондай-ақ, Президент су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керектігін жүктеді.


Соңғы жаңалықтар