Қазталов ауданында қос бірдей мәдениет үйі ашылды - БҚО

Алдымен аудан орталығы Қазталов ауылында аудандық мәдениет үйінің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.
Б.Мәкен аудан жұртшылығын қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жөнделген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтап, мердігер компания «Дала Строй Сервис» ЖШС-ға (директоры - Батырғали Иманғалиев) облыс әкімдігі атынан естелік сыйлық табыс етті.
1948 жылы отау тіккен аудандық мәдениет үйінің қос қабатты ғимараты 1987 жылы салынған болатын. Аудандық мәдени-демалыс орталығына осы салада қырық жылдай еңбек еткен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сағит Садықовтың есімі берілген.
2006 жылы облыстық бюджеттен 10 млн. теңге бөлініп, «Бага» жеке кәсіпорны мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес күрделі жөндеуге 75,948 млн. теңге жұмсалды. Бұл жұмысқа жергілікті тұрғындардан 20 жұмыссыз тартылды.
Осы күні Жалпақтал ауылдық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден кейін өз есігін қайта айқара ашты.
Салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, ауыл тұрғындарын осынау қуанышымен құттықтады. Мәдениет үйінің алаңы да абаттандырылған. Субұрқақ, шамдар орнатылған. Бұл жұмысты Жалпақтал ауылының 1969 жылғы туған түлектері өздері ұйымдасып, атқарған.
1982 жылы салынған қос қабатты, 380 орындық ғимаратты күрделі жөндеуге биыл Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 77 млн. теңге бөлініп, ол толық игерілді. «Дала Строй Сервис» ЖШС-ға (директоры - Батырғали Иманғалиев) атқарған жөндеу жұмыстарына ауылдан 26 жұмыссыз тартылды.
Мәдениет үйі жанындағы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры, Р.Ығылманов атындағы аудандық ұлт аспаптар оркестрі, басқа да ұжымдардың өнері өңірге танымал.