Қазталовта бір мәдениет үйі ашылып, екіншісінің іргесі қаланды
Осынау салтанатты рәсімдерге қатысқан облыс әкімінің орынбарасы Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, мұндай шалғай ауылдарда қазіргі заманғы мәдениет ошақтарын пайдалануға берудің маңызы зор. Бостандық ауылындағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысына 96 млн. теңге бөлінген. Бұл жұмысты Серік Темірханов жетекшілік ететін «Жалпақтал - Су» ЖШС атқаруда. Ауылдан қазіргі күнде 15 адам маусымдық жұмысқа тартылса, алдағы уақытта тағы да сонша адам еңбекке қосылмақ. Ал Жаңажолдағы мәдениет үйінің іші-сырты бірдей жайнап тұр. Енді ол ауыл тұрғындарының, соның ішінде жеткіншек жастардың жиі бас қосатын рухани орталығына айналмақ.
Мерекелік шарада еңбек ардагері Нағым Ризуанов Жаңажолдағы қуаныш Астанада үш елдің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа бірігуге қол қойып жатқан тарихи күнмен тұспа-тұс келгенін айта келіп, облыс, аудан басшыларына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.