ҚАЗТЕСТ тапсыру қанша тұрады және кімдерге қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған ҚАЗТЕСТ сертификаттық тестілеуіне өтінім қабылдау басталады. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, өтінімдер 2026 жылғы 9–15 қараша аралығында қабылданады. Ал тестілеу 17 қарашада электронды форматта өтеді.

ҚАЗТЕСТ тапсыру қанша тұрады және кімдерге қажет
Фото: Kazinform\ЖИ

Тестілеу Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Петропавл, Павлодар, Семей, Талдықорған, Түркістан және Тараз қалаларында ұйымдастырылады.

ҚАЗТЕСТ тапсыруға ниетті азаматтар app.testcenter.kz сайты арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.

Тестілеу төрт бөлімнен тұрады:

  • Тыңдалым — 20 тест тапсырмасы, орындау уақыты 20 минут;
  • Оқылым — 40 тест тапсырмасы, орындау уақыты 50 минут;
  • Жазылым — 2 тапсырма, орындау уақыты 50 минут;
  • Айтылым — 2 тапсырма, орындау уақыты 7 минут.

Сертификат алу үшін тестіленуші төрт бөлімнің әрқайсысы бойынша белгіленген шекті балды жинауы керек.

ҚАЗТЕСТ тапсыру қанша тұрады және кімдерге қажет
Фото: ҚАЗТЕСТ

«Жазылым» және «Айтылым» бөлімдерінің нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде қатысушының жеке кабинетінде жарияланады.

Тестілеуге қатысу құны — 7 121 теңге.

ҚАЗТЕСТ сертификаты кімдерге қажет?

ҚАЗТЕСТ сертификаты қазақ тілін меңгеру деңгейін растау үшін бірқатар мемлекеттік және білім беру бағдарламалары аясында талап етіледі. Атап айтқанда:

  • «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерден;
  • Қазақстанның жоғары оқу орындарының докторантурасына түсушілерден;
  • Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерден;
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсушілерден;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы лауазымына үміткерлерден.

Сондай-ақ ҚАЗТЕСТ сертификаты кейбір мемлекеттік лауазымдар мен бағдарламаларға үміткерлерден де талап етіледі.

Айтак кетейік, бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен оқу үшін ҚАЗТЕСТ талаптары қиындайтынын жаздық.