«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Зайсан қаласының алғашқы тұтынушыларына газ берді

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласына алғаш рет газ беріліп, орталық алаңда салтанатты түрде газ алауын жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметінен.
None
None

Осы көптен күткен оқиғамен жергілікті тұрғындарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады және Зайсан тұрғындарының үйіне газдың өткізілгенін тексеріп, көпбалалы батыр ана Файзрахманова Күләш апайдың үйіндегі газ пешіне алғашқы көгілдір отынды жақты.

Сонымен қатар, Алау жағу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан Текешов, «Иртыш» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Арман Бекбосынов, ШҚО бойынша МСҚБ департаментінің бастығы Мәди Отарбаев, ҚР Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР МГМ заң қызметі департаментінің директоры Ардақ Мұқышов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары Ғалым Айдосов, «ҚазТрансГаз» АҚ газ өнеркәсібі департаментінің директоры Зияш Қияқпаев қатысты.

Осылайша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚР Мұнай және газ министрлігінің тапсырмасы бойынша дайындалған және «ҚазТрансГаз» АҚ инвестициялық комитетімен мақұлданған «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласын газдандыру» инвестициялық бағдарламасының 1-кезеңін сәтті аяқтады. Зор әлеуметтік маңызға ие бұл жоба жалпы ұзындығы 154 км газ тарату жүйелерін және ондағы құрылғылардың құрылысын салуға бағытталған.

ҚТГА компаниясының инвестициялық бағдарламасының 1-кезеңі 1-іске қосу комплексі шеңберінде жылына 15 млн. текше метр газ өткізе алатын орта (2,5 км) және төменгі (15,8 км) қысымдағы 18,4 км қала ішіндегі және квартал ішіндегі газ тарату құбырлары салынды. Бүгінгі күні Зайсан қаласында 470 үйді газбен жабдықтайтын жүйелер толық дайын болды және алғашқы 10 абонент пен М. Әуезов атындағы орта мектептің жылыту қазандығына табиғи газды тұтыну үшін техникалық шарттылық берілді. Бұдан басқа газдандыру шеңберінде қаланың әкімшілік ғимараттарын және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.

Бұл жоба қазақстандық және қытайлық инвесторлардың бірлескен кәсіпорны «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС салған жалпы ұзындығы 92,5 шақырым «Сарыбұлақ-Майқапшағай» магистральдық газ құбырының іске қосылуы арқасында жүзеге асып отыр. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес елді мекендерге дейін жеткізуші газ құбырын «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС салса, елді мекендердің ішіндегі тарату жүйелерінің құрылысын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асыруда.

Магистральдық газ құбырының трассасы арқылы Зайсан қаласынан басқа Зайсан ауданының 9 ауылдық елді мекендерін (Қаратал, Айнабұлақ, Қайнар, Жамбыл, Когедай, Шалқар, Үлкен Қаратал, Қарабұлақ, Кеңсай ауылдарын) газдандыру жоспарлануда.

«ҚазТрансГаз Аймақ» жүргізген бірінші кезең жұмыстарының сәтті аяқталуы нәтижесінде Зайсан және Тарбағатай аудандарының елді мекендерін газдандыруға қажет технологиялық база жасақталғанын сенімді түрде айтуға болады. Бұл Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көгілдір отынның келуі аймақтағы жұмыс істеп тұрған және алдағы уақытта ашылатын өндірістік кәсіпорындардың дамуына тың серпіліс беріледі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Зайсанды газдандыру жұмыстарын іске асырумен қатар Шығыс Қазақстан өндірістік филиалын құрып осы өңірде жаңа база құрды. «Бұл ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы - тұрғындарды және кәсіпорындарды тауарлық газбен қамтамасыз ету бойынша өз қызметін жүзеге асыра бастаған еліміздің тоғызыншы газдандырылған аймағы.

Айта кетерлігі, 2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 қыркүйектегі №939 қаулысын орындау шеңберінде ҚТГА газбен жабдықтаудың ішкі нарығында бірыңғай оператор ретінде еліміздің барлық аймақтарының газ тарату жүйелерін біріктіру кезеңін аяқтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар