«Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан зардап шеккендерге республикалық деңгейдегі жетекші мамандар келді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында «Қазцинк» ЖШС-дағы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жетекші мамандары келді.
Дәрігерлер мінген ұшақ кеше түнде қалаға келіп қонды. Олар әуежайдан бірден зардап шеккендер жатқан облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілді.
Өңірге республиканың бас реаниматологы Бақыт Жарқымбеков және бас комбустиолог Жомарт Жалғаспаев келді.
Науқастарды қарап шыққаннан кейін дәрігерлер шұғыл консилиум өткізіп, емдеудің алдағы бағытын айқындады. Денесінің басым бөлігін күйік шалған пациент өте ауыр жағдайда жатыр.
- Оған кешенді қарқынды терапия жүргізіліп жатыр. Қазіргі негізгі міндет - алдағы 72 сағат ішінде науқасты күйіктік шоктан шығару, - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан.
Дәрігерлер науқастың жағдайы тұрақталғаннан кейін ғана оны Астанаға тасымалдау мәселесін қарастыра алады.
Ал омыртқа жарақаты бар тағы бір науқас санитарлық авиация арқылы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының нейрохирургия бөліміне жіберуге дайындалып жатыр. Алдын ала дерек бойынша ұшу 7 мамырға белгіленген.
Еске салсақ, кеше таңертең Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болды.
Соның салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шекті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысты жеке бақылауына алды.
Жарылысқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.