Казцинктегі оқиға: Апаттардың алдын алу шаралары әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Казцинк» нысанындағы оқиға бойынша арнайы кеңес өтті, деп хабарлайды Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Қ. Баяхметовтың және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р. К. Дубаевтың төрағалық етуімен «Казцинк» ЖШС МК ӨК КМ-де (Өскемен металлургия кешені) 2026 жылғы 5 мамырда болған апатты тергеу бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Жиын барысында комиссия мен мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттары айқындалып, компания басшылығына нысандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
— Кездесу қорытындысы бойынша қатысушыларға оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін қосымша сараптамалар жүргізу және осыған ұқсас апаттардың алдын алу шараларын әзірлеу бойынша міндеттер жүктелді, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, 5 мамырда Өскемендегі кәсіпорындардың бірінде жарылыс болды.
«Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан 9 адам зардап шекті, олардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды.
Олжас Бектенов Өскемендегі жарылысты жеке бақылауына алғаны анықталды.
Өкінішке қарай, зардап шеккендердің екеуі жарылыстан қаза болғаны хабарланды.
Кәсіпорнындағы жарылыс кезінде цех опырылып, қауіпті аймақта 32 адам болған.