ҚазҰТУ-да Елбасы Жолдауына арналған кездесу өтті
Бүгінгі таңдағы әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс, геосаяси жағдай Орталық Азиядағы ірі қаржы институттары мен экономистерді де алаңдатып отырғаны шындық. Елбасы бұл Жолдауда тың бастамалар көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойды. Дамыған озық 30 елдің қатарына қосылу үшін қазақстандық әрбір азаматтың сапалы еңбегімен қосар үлесі қомақты болуы тиіс. Елбасы тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыруда 2000-жылы құрылған Ұлттық қордың да маңызы зор. Президент сол кездің өзінде қор қаржысының алдағы уақыттарда ел экономикасының дамуы үшін, елімізде басталған ірі жобаларды жүзеге асыруда қажет болатынын көре білген болатын. «Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Ұлттық қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған қорды ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық, көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіспіз. Бұл қаржы қиын кезді еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады», - деді биылғы халыққа Жолдауында Ұлт көшбасшысы. Бұл жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 2015-2017 ж.ж. жұмсалатын қаражаттың бір бөлігі. Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард доллар қаражат бөліп отыруды жоспарлап отыр.
Қомақты сома жол салуға, инфрақұрылымдарды жаңартуға жұмсалады. Үш жылда бөлінетін 9 миллиард доллардың тиімді жұмсалуын арнайы комиссия және «Нұр Отан» партиясы жіті бақылайтын болады. Жаңа экономикалық саяси жоспар инфрақұрылымның дамуына серпін береді. Ол бес жылға есептеліп, екінші бесжылдықтағы үдемелі индустриялды- инновациялық мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жоспарымен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы инвестициялық қаржы 6 млрд теңгені құрайды.
Жолдауда жеті бағытқа, атап айтқанда: көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту; индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту; энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту; ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту; тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту; әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту; шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру, басымдық берілген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыруда ҚазҰТУ ректоры университет ұжымы алдына Жолдаудың әр тармағы бойынша міндеттер мен тапсырмалар қойды. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдардың дамымауы еліміздің сауда айналымын, шет елдермен барыс-келіс, ауылшаруашылық кешенінің даму жағдайларына кері әсерін тигізетіні шындық. Осы логистика саласында мамандардың тапшылығы анық байқалады. Сондықтан, университет алдында көлік-логистикалық инфрақұрылым саласына белсенді түрде біліктілігі жоғары мамандарды даярлау міндеттері тұр. Шет елдің озық әдіс-тәсілін оқыта отырып, логистика саласына сұранысқа ие мамандарды даярлау мен логистика мамандығы бойынша білім алушыларды кәсіптік бағдар беруге күшейту. «Ұжымдық білім аспектілері мен ғылым-білім орталықтары, сондай-ақ ғылыми логистикаларды шет елдік серіктестермен жұмыс қарқынын тереңдетумен қатар, Экономика және бизнес институтының «Логистика және бағалау» кафедрасының лайықты білім бағдарламаларына түзету жасау мен тәжірибелік дайындықтың сапасын көтеру мақсатында жетекші логистикалық компанияларда кафедра филиалдарын ашу керек»,- деді ҚазҰТУ басшысы.
Ректор ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 9 арнайы экономикалық аймақ құрылғанын еске салды: олар - «Астана - жаңа қала» (жеңіл өнеркәсіп, автоөнеркәсіп, авиация, химия салалары); Маңғыстау облысында «Ақтау теңіз порты» (жеңіл өнеркәсіп, металлургия, химия өнеркәсібі); Алматыдағы «Ақпараттық технологиялар паркі» (құрал-жабдық жасау); ОҚО-дағы «Оңтүстік» (жеңіл және мақта-мата өнеркәсібі); Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» (мұнай-химия өнеркәсібі); Ақмола облысындағы «Бурабай» (туризм); «Павлодар» (химия және мұнай-химия өнеркәсібі); Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» (металлургия және машина жасау); Алматы облысындағы «Қорғас - Шығыс қақпасы» (логистика) және «Тараз химия паркі» (химия өнеркәсібі).
«Мемлекет басшысы осы арнайы экономикалық аймақтар қызметін нақты жобалармен толтыру жөнінде талап қойып отыр. Біздің ЖОО-да енді осындай бірқатар арнайы экономикалық аймақтар жұмысына тікелей қатысуға мүмкіндіктер туындап отыр», - деп мәлімдеді ҚазҰТУ басшысы. Осы тұрғыда университет алдында тұрған міндет - мұнай-химия және металлургия салаларында жоғары технологиялы өндірістер құру жөніндегі конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау үшін уақытша ғылыми шығармашылық ұжымдар құру, «Астана - жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия паркі», «Павлодар», «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймақтары үшін инновациялық химиялық технологиялар бойынша кемінде бір жоба дайындау, металлургия бойынша жаңа технологиялар ұсыну, логистика саласында Қорғастағы арнайы экономикалық аймақ қызметіне қатысу болмақ. Бұл үшін бұрын алынған патенттерге талдау жасап, тіркелген авторлық құқықтарды коммерцияландыру қажет.
«Сондай-ақ біздің университет энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарларын жүзеге асыруға да қатыса алады. Магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік аудандарында электр энергиясының, орталық және шығыс өңірлерде табиғи газдың жетіспеушілігін туғызуда. Соңғы жылдары елімізде электр энергиясының өндірісі мен тұтыну көлемі жыл сайын 4-5 пайызға артып отыр. Бұл экономиканың өсіп отырғанын білдіреді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасатын болады. Егер 2013 жылы 90 млрд кВт/сағат өндірілген болса, KazEnergy болжамынша, 2030 жылға қарай оның өсімі 150 млрд кВт/сағатқа немесе 66 пайызға өсуі күтілуде», - деді Ж.Әділов.