ҚазҰУ-да 7000-нан астам түлекке диплом табысталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да түлектер санының көп болуына орай дипломдарды тапсыру 1-нен 12 шілдеге дейінгі кезеңге жоспарланған.

Биыл университетті 7080 студент бітірді. Олардың 5410-ы бакалавр, 1163-і магистр, 507-сі докторант дәрежесін алды. 1404 түлек үздік диплом иегері атанды.

Іс-шараларға түлектермен бірге ата-аналар, кішкентай балаларымен туыстары, сондай-ақ достар легі және мобилографтар мен фотографтар қатысуда.
Салтанатты рәсім күн сайын аумағы 5000 шаршы метрді құрайтын Farabi Hub орталығында жүзеге асуда. Орталықта LED-экран, екі баннер, дыбыс аппаратурасы, сөз сөйлеуге арналған трибуна, екі фотоаймақ, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен туыстарының отыруына арналған 800 орын қойылған.
Рәсім өткізу үшін дипломдарды тапсырудың бірыңғай сценарийі мен регламенті бекітілді.

Farabi Hub орталығында кондиционерлер, салқындатқыш желдеткіштер, буфет және медициналық бекет жұмыс істейді. Сыртқы аумақ баннермен безендіріліп, орындықтар орнатылған.
Кампус аумағында ҚазҰУ қалашығының карталары және Farabi Hub орталығының орналасқан жерін көрсететін сілтемелер ілінген. Атап айтқанда, карталар ҚазҰУ аркасы, автотұрақ, Әл-Фараби ескерткіші, СЗПУ филиалының ғимараты, Әл-Фараби кітапханасы аллеясы және сағат мұнарасының жанында орналасқан.

Сондай-ақ университет әкімшілігі арнайы екі автобус бөлді. Қонақтардың ыңғайлылығы үшін Тимирязев көшесінен Farabi Hub орталығына дейін – түлектерге, олардың ата-аналары мен туыстарына тасымалдау ұйымдастырылды. Барлық келушілерге университеттің аумағына кіруге рұқсат берілді, сондай-ақ автотұрақтан арнайы орын бөлінді.