ҚазҰУ-ға министрліктің арнайы тобы барады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын тексереді. Бұл туралы министрлік хабарлады.
Осы мақсатта университетке арнайы мониторингтік топ жіберіледі. Мамандар студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты заң талаптары мен ішкі ережелердің сақталуын тексереді. Сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баға береді.
— Тексеру кезінде жанжалдардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне уақытылы жауап беру және оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады, — делінген хабарламада.
Мониторинг қорытындысы бойынша студенттер қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмысты жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді.
Еске салайық, кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті мерт болғаны белгілі болды.
Осы оқиғадан кейін ҚазҰУ-да проректор мен декан жұмысынан кетті.