15:54, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары Канаданың жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтпек
АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары енді Канаданың жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтпек.
Бұл туралы бүгін Алматыда университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен Канаданың Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Маргарет Скоктың кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Канаданың халқы - ағылшын және француз тілді. Олар біздің ресми тілдеріміз саналады. Экономика секторы сіздерге ұқсас. Бізде халықаралық стандарттарға сай жоғары білім беру жүйесі қалыптасқан. Студенттер Еуропа, Азия елдерінде, АҚШ-та білім алып қана қоймай, мамандығына сай жұмыс та таба алады», - деді Елші Маргарет Скок өз сөзінде. «Біз ынтымақтасуға дайынбыз. Біз сіздерге үздік студенттерімізді несиелік жүйе бойынша бір семестрге білімін жалғастырып, тәжірибеден өтуге жібере аламыз. Сондай-ақ Президент бағдарламасы бойынша оқытушылар алмаса аламыз. Оған 1 миллион доллардан астам қаржы бөлініп отыр. Сізден ірі ғылыми және өнеркәсіп орталықтарында біздің студенттер мен ғалымдардың тәжірибеден өтіп, Канаданың озық технологиясы мен инновацияларымен танысуына мүмкіндік тудыруға қолдау көрсетсеңізді сұраймын. Біз Канаданың халықаралық құқық, халықаралық дипломатия, ауыл шаруашылығы, биология, ақпараттық технология сияқты салаларында мамандар дайындау мен оқытушылар алмасуға ынталымыз», - деді Бақытжан Жұмағұлов кездесу барысында. Бұл ұсынысқа өзінің қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан Маргарет Скок, «Болашақ» бағдарламасындағы Канада университеттерінің санын ұлғайтуға өздерінің де мүдделі болып отырғанын жеткізді. Кездесу соңында Б. Жұмағұлов Елшіге университеттің 75 жылдық мерейтойына арнап шығарылған күміс медальді табыс етті.