ҚБТУ мемлекетке қалай қайтарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстан-Британ техникалық университеті мемлекет меншігіне өткен болатын.

Қаржы министрлігінің қаржылық есептілік депозитарийі сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 27 ақпаннан бастап Қазақстан-Британ техникалық университетінің жаңа акционері ретінде “Қайтарылған активтерді басқару компаниясы” ЖШС көрсетілген.
Осы орайда Kazinform агенттігі “Қайтарылған активтерді басқару компаниясы” ЖШС-ына сауал жолдап, Қазақ-Британ техникалық университеті мемлекетке қалай қайтарылғанын сұрады.
- ҚБТУ акционерінің өзгеруі заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде жүзеге асырылды. Басқарушы компанияның өкілдері бұл құжаттармен танысып жатыр. Қазіргі уақытта университеттің болашақ тағдыры бойынша шешім қабылдау мәселесі ашық күйінде қалып отыр, - делінген компания жауабында.
Еске салайық, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекетке қайтарылып жатқан Қазақстан-Британ техникалық университетінің келешегі туралы пікір білдірген болатын.