Кеден қызметкерлеріне көлікті тоқтатып, тексеру құқығы берілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитетінде мобильді топтар құрылады. Олар ЕАЭО елдерімен шекаралас аудандарда жұмыс істейді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

кеден бекеті, өткізу пункті
Фото: Қаржы министрлігі

- Соңғы жылдары тауарларға арналған декларациялар (бұдан ары - ТД) санының өсуі байқалады. Егер 2018 жылы тауарларға арналған декларациялар саны 357 мың ТД болса, 2025 жылғы 10 айда бұл көрсеткіш 819 мың ТД-ға дейін ұлғайды. Кедендік операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық деректерді уақытылы өңдеу мақсатында жүк легінің едәуір ұлғайғанын ескере отырып, кеден органдарының ақпараттық жүйелері жаңғыртылды. 2017 жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясымен бірлесіп әзірленген «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Кеден саласындағы бизнес-процестерді және рұқсат беру құжаттарын одан әрі автоматтандыру үшін 2019 жылы «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесі іске қосылды, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, кедендік әкімшілендірудің бірыңғай цифрлық ортасын құру аясында «АСТАНА-1» және «Экспорттық-импорттық операциялар жөніндегі бірыңғай терезе» жүйелерінің функционалдық мүмкіндіктері жаңа платформаға – «Keden» ақпараттық жүйесіне интеграцияланған. Оны әзірлеу 2024 жылғы сәуірден бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Кедендік ақпараттық жүйелер саласында жүргізіліп жатқан цифрлық реформалар мемлекеттік бюджетке кедендік баждар мен салық (бұдан ары – КБжС) түсімін ұлғайтуға ықпал етті.

- Осылайша, 2025 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 3 602 млрд теңге сомасына КБжС түсті. 2024 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны +18 % (3 051,3 млрд теңге) болды. Кедендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша 153,7 млрд теңге өндіріп алынды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 17 шілдедегі Заңымен «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер енгізілді. Онда мобильдік топтар құру және олардың қызмет тәртібін әзірлеу жөніндегі Қаржы министрлігінің құзыреті кеңейтілді. Бұл тауарлардың қозғалысын бақылауды күшейтуге, контрабандалық және контрафактілік өнімдер айналымының жолын кесуге бағытталған, - деді ол.

Үкімет басшысының атап өтуінше, мобильді топтар ЕАЭО елдерімен шекаралас аудандарда жұмыс істейді және көлік құралдарын тоқтату, кедендік бақылау мен тексерулер жүргізу құқығына ие болады.

- Осыған байланысты көлікті тоқтату, техникалық бақылау құралдарын пайдалану, тексеру, ілеспе құжаттарды тексеру құқығын қоса алғанда, өкілеттіктерді кеңейту мақсатында Кеден кодексіне тиісті түзетулер енгізілді. Мобильдік топтардың қызметін ұйымдастыру мақсатында мобильдік топтарды құруды, оларды жарақтандыруды, көлік құралдарын тоқтату және тексеру, уақытша сақтау орындарына жеткізу және қажетті құжаттарды ресімдеуді регламенттейтін 4 нормативтік-құқықтық акт қабылданды, - деді Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов Сенат депутаттарының құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметі қалпына келтіруге қатысты сауалына жауап бергенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар