Кеден қызметінің қадағалау функциясын кеңейтуге Бас прокуратура қарсы болып отыр — Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен кеден қызметінің құқықтық құзыретін кеңейтіп, бақылау, қадағалау функцияларын күшейту туралы ұсынысқа Үкіметтің ұстанымы қандай екенін сұрады.

шекара
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Бұл — өте күрделі мәселе. Салық кодексінің жобасын дайындағанда ондай ұсыныстарды енгізгенбіз. Бірақ Бас прокуратура ол ұсыныстарды әзірге қолдаған жоқ. Әрине, ондай ұсыныстар бізде дайын. Себебі бақылау, қадағалау функциясын арттыру керек, — деді вице-премьер.

Сондай-ақ, ол қазір салық органдарының негізгі функциясы тек салықты жинаумен ғана шектеліп қалғанын айтты.

— Өте қиын, функция жоқ. Қазіргі таңда Сауда комитетінің жағынан біраз талаптар бар. Бірақ оның орындалуы өте қиын. Себебі тексере алмайсың. Әкімшілік кодекске де осы тұрғыдан өзгерістер дайындағанбыз, дайын тұр. Жоспарымызда келесі жылда осы өзгерістерді енгізу мәселесі бар, — деді серік Жұманғарин.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның кеден қызметін дербес орган ретінде қалпына келтіру туралы сауалына берген жауабында аталған ұсынысты қолдайтынын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар