Кеден одағы аясында отандық дәрі-дәрмектер нарығы 17 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаятын болады - С.Баймұқанов

С.Баймұқанов атап көрсеткендей, дәрі-дәрмектерді біріңғай дестрибьютор - «СК Фармация» арқылы сатып алу өз тиімділігін дәлелдеді. Оған мемлекеттік бюджеттің 4,5 млрд. теңгеге үнемделуі айқын дәлел. Онымен бірге, отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 49 пайызға дейін артқан. Отандық өндірушілермен 30 млрд. теңге сомасына жасалған ұзақ мерзімді келісімдер бойынша заман ағымынан қалған кәсіпорындар жаңғыртылып, жаңалары салына бастады.
«Қазақстандық өндірісті дамыту мемлекет үшін аса маңызды. Біріншіден, бұл экономиканың және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі. Отандық өнімдер баға жағынан қолжетімді. Екіншіден, бұл - саладағы өндірісті 2,5 есеге арттырып, жоғары білікті қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл - отандық өнімдердің экспортқа бағдарлануы», - деді ол.
Оның пайымдауынша, Кеден одағы аясында отандық дәрі-дәрмек нарығы 17 млрд. АҚШ долларына дейін артатын болады.