Кеден одағына кіретін елдер өндірістік кооперацияны күшейту, кәсіпорындарды ықпалдастыру үшін қосымша мүмкіндікке ие болды - Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы

АЛМАТЫ. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат /Қадыржан Смағұлов/ - Жаңа 2010 жылы посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің дамуындағы жаңа дәуір басталды - Қазақстан, Ресей және Беларус елдерінің Кеден одағы күшіне енді. Бұл оқиға тек аталған үш елде ғана емес, басқа да елдерде кең пікір туғызды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Анар Рахымжанова
None
None

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Кеден одағының қазақстандықтар үшін беретін мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.

- Кеден одағының нақты жұмысы ағымдағы жылдың шілде айында, үш елдің арасындағы шекара ашылғаннан кейін басталады. Ал 2010 жылдың басынан бастап кедендік рәсімдеу тарифтерінде негізгі өзгерістер орын алады: бірыңғай кеден тарифі қабылданды. Егер негізінен нөльдік ставкалар болған 2006 жылы қабылданған тарифтермен салыстыратын болсақ, енді тарифтер орта есеппен 5 пайызға көтеріліп отыр. Бұдан да көбірек тарифтер, өзгеріссіз қалдырылған тарифтер бар. Қазақстан үшін шамамен 400 аталымнан тұратын тауарлардың арнайы тізбесі бар, сол тізбе бойынша біздің еліміз, 2013 жылды қоса алғанда, белгілі ауыспалы кезеңдегі тарифтерді өзі анықтайтын болады. Осылайша, алдағы 4 жылда тарифтер өзгеріп отырады: алғашқы екі жылда жоғарыдағы 400 аталым бойынша нөльдік ставка жүреді, одан кейін - 2012 және 2013 жылдары бірыңғай кедендік тариф ставкасы қолданылады. Бұл Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін негізгі өзгертулер.

Ал еліміздің қатардағы азаматтарына келер болсақ, олардың арасында баға дүрбелеңі орын алу мүмкін, бірақ Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі бағаны бақылайтын арнайы топ құрды, олардың көтерілуіне негіз жоқ. Бұған дейін Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің арасында ЕурАзЭҚ аясында нөльдік тариф қолданып келді және ол елдерден шығарылатын тауарлардың да бағасы көтерілмей қала береді, өзгерістер тек үшінші елдерге қатысты болмақ.

Яғни, Қазақстанға тауар жеткізіле бастаған кезде, тауарлардың белгілі топтарының да бағалары көтерілетін болады, олар үшінші елдерден әкелінетін киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, машиналар, жабдықтар болуы мүмкін. Тізбеде сондай-ақ, Кеден одағы елдерінің ортақ шешімінің негізінде жеңілдікті ставкалар белгіленетін, көлемі, жеткізілім шарттары, т.б. шарттары қарастырылатын тауарлардың тізімі де бар.

Импорттық баж салығы орта есеппен 4 пайызға көтеріледі, бірақ та, дүкен сөрелерінен арзан бағалар жоғалып, сатушылар тауарлардың үстеме бағаларын азайтуға мәжбүр болатын жағдай туындайды деп айта алмаймыз. Яғни, импорт ставкасы өсіп, ал халықтың кіріс деңгейі қандай да бір тауарларды сатып алуға мүмкіндік бермесе, онда олардың үстеме бағалары да өзгеретін болады. Сондықтан да нарық өткен жылы байи қойған жоқ, себебі жыл ауырлау болды, соның нәтижесінде делдалдар екі жолды таңдауға: не бағаны ұстап, осылайша тауарлардың өткізілуін қамтамасыз етуді, не бағаны көтеріп, қоймаларды өтпей тұрған тауарлармен толтыруға мәжбүр болды. Оның үстіне, қымбаттағалы отырған тауар түрлерімен нарық жеке қамтылған және тұтынушылар да ол тауарлармен қамтамасыз етілген.

Тоқталатын тағы бір жайт, жергілікті нарықтың ресейлік тауарлармен бәсекелестік мәселесі, бірақ та мұның да әсері тез байқалмайды, әсер бір жылдан кейін немесе ағымдағы жылдың соңына қарай байқалуы мүмкін. Ресейлік өндірушілер тауарлардың өндірісін күрт арттыра алмайды, ол үшін қаржылық салымдар қажет. Яғни, біздің нарыққа ресей және беларусь тауарлары ағылады деген күдіктер негізсіз. Есесіне, біздің тауар өндірушілеріміз де өз өнімдерін Ресей және Беларусь нарықтарына еркін сауда режимінде жеткізе алатын болады. Әрине, бұл тұрғыда аталған елдерде сауда саясатына тәуелді ішкі шектеулер сияқты болуы мүмкін, дегенмен, қазақстандық өндірушілер өз тауарлары ресей және беларус нарықтарында бәсекелесе алулары үшін, олардың сапаларына баса назар аударулары керек.

- Қазақстаннан Ресей мен Беларусь нарықтарына бағытталған экспорттың басымдықты бағыты - ауыл шаруашылығы тауарлары, бірінші кезекте - астық және ет-сүт өнімдері. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

- Кеден одағының аумағына квота бойынша әкелінетін тауарлар тізбесі бар. Бұл тізімде бірінші орында - ет-сүт өнімдері тұр. Квота белгіленіп қойған және отандық өндірушілер бұл бағытта одақ бойынша серіктестерімен бәсекелесуге мәжбүр. Тауардың сапалылығы, немесе жеткізілу жеделдігі бойынша бәсеке жүруде. Нарықты таңдау мәселесі де үлкен рөл атқарады, мысалы, Ресейдің орталық өңірлерін емес, мал шаруашылығы әлсіз дамыған және аталмыш сала өнімдерінің жеткізіліміне мұқтаж сібір өңірлерін таңдаудың мүмкіншілігі баршылық. Оның үстірне, аталған аймақтармен Қазақстанмен тікелей байланыс бар. Оған қоса, отандық өндірушілердің өндіріс көлемін қаншалықты жедел арттыра алатындығы да маңызды, себебі ет өнімдері бойынша ішкі нарық әлі де толық қамтылмаған. Әрине, Ресейден жеткізілетін ет өнімдеріне де, мысалы біз өндірмейтін, ресейліктерден сатып алынатын өнімдерге квота бар. Осындай өзара алмасу үрдісі жолға қойылған.

- Қазақстанның Кеден одағына кіруінің қандай қосымша оң жақтарын айта кетер едіңіз?

- Кеден одағының негізгі мақсаттарының бірі - Бірыңғай экономикалық кеңістік құру. Яғни, енді бірыңғай кедендік аумаққа кіретін үш елдің бірлескен өндірістер құруларына, яғни өндірістік кооперацияны күшейтулеріне, кәсіпорындарды ықпалдастыруға және шикізат өндіру- өндіріс- сауда толыққанды тізбектерін жасауға мүмкіндіктері зор. Кедендік аумақтың тағы бір оң қыры - оның транзиттілігі. Енді азиялық елдердегі өндірушілер Қазақстанда өндірістік қуаттарын ашуға, сөйтіп өнімдерін осы жерде шығарып, оларды Еуропаға жеткізуге мүдделі, себебі өнімдер бір ғана бақылаудан өтетін болады. Осы тұрғыдан алғанда, аталған үш елдің алдында тұрған экономикалық міндеттердің бірі - аталған нарыққа деген жұртшылықтың ықыласын арттыру, ал бұл мақсатта олар инфрақұрылымды, техникалық платформаны дамытулары керек. Сондай-ақ көлік жолдарымен де қамтамасыз етулері тиіс, себебі қазіргі қолданыстағы жолдар жеткіліксіз.

- Осының негізінде Қазақстан Еуропа мен Азияны, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыруды жетекші транзиттік мемлекеттердің біріне айнала алады ма?

- Логистикада хаб деген ұғым бар. Қазақстан осындай үлкен «хаб» бола алады, бірақ ол үшін жағдайлар жасау керек. Бірінші кезекте, біздің еліміздің қатысуымен өндірістерді қажетті өнімдердің көлемімен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым керек. Яғни, тек жер, электр қуатын берумен ғана шектелмей, өзіміздің жұмыс күшімізді кеңінен қамтуымыз және қазақстандық қамтудың үлесін арттыру үшін жергілікті шикізатты пайдалануымыз керек. Мысалы, бізге технологиялар беріледі, кадрлар оқытылады және одан кейін барып бірлесіп өнім шығара бастаймыз. Даму жолында бізден ілгерілеу елдердің Қазақстанға өз өндірістерін ашуға мүдделік білдіруін оң жетістік деп айта аламыз, себебі бұл жағдай оларға өз өнімдерін басқа елдерге жеңілдікті бағамен экспорттауға мүмкіндік береді. Халықаралық сауданың ережесі бойынша, дамыған елдердің тауарларына, дамушы елдердікіне қарағанда, көбірек кедендік баж салығы салынады.

- Кеден одағына мүше елдердің арасындағы шекараның ашылуы тауарлар мен жұмыс күштерінің кедергісіз қозғалысына әкеледі. Бұл жағдай білікті отандық мамандардың Ресейге ағылуына себеп болмай ма?

- Әрине, ондай үдеріс орын алуы мүмкін, бірақ барлығы, біздің мамандарымыз үшін Ресейдегі еңбек жағдайының немесе ресей және беларус кадрлары үшін - біздегі еңбек жағдайының қаншалықты тартымды болатынына байланысты. Егер салалар бойынша жалақының деңгейіне тоқталсақ, техникалық сала бойынша, Ресейге қарағанда, біздегі жағдай жақсырақ. Бұл - еңбек капиталына иелік етушілердің өздері мүдделі болатын мәселе. Яғни, кәсіпорындар өз білікті кадрларын ұстап қалуға талпынулары керек. Әрине, Ресейде де, Қазақстанда да еңбек капиталы жеткілікті, бірақ ол шексіз емес. Сондықтан да, сіз кадрларды ұстап қаласыз, немесе біреуге дайындап бересіз. Оның үстіне, дағдарыс басталғалы бері, адрларды қысқарту мәселесі негізгі шаралардың бірі болып келді, бірақ қазір кәсіпорындар оларды қайта тартуға талпынуда. Ал, кадрлар ағынына келетін болсақ, бұл проблема бұрын да болды және ол Бірыңғай экономикалық кеңістік құрудың алғышарттарының бірі. Мысалы, 2010 жылы салық және бюджет саясатын үйлестіру мәселелері шешілетін болады, ал келесі сатыда - бірыңғай валюта саясаты қолға алынады. Бұл үдерістің шарықтау шегі - қаржы қорлары, тауарлар мен қызметтер, еңбек капиталдары еш кедергісіз қозғалатын Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрау болып табылады.

- Қазақстан Кеден одағына кіргеннен кейін, мемлекеттік бюджетке түсім қысқарады. Бірақ та, Елбасы атап көрсеткендей, кедендік одақтың құрылуы үш елдің де жалпы ішкі өнімінің 15 пайызға өсуіне сеп болады. Осы жайында бірер сөз айта кетсеңіз?

- Жалпы ішкі өнім аясы анағұрлым кеңейіп отырған нарықтағы өндірістің өсуі есебінен өсетін болады: тек Қазақстан үшін өнім шығару - бір басқа да, 170 миллион адам тұратын нарық үшін өнім шығару - бір басқа. Осылайша, өндірістің әлдеқайда ауқымдылығы өндірушілерге кірістің қомақты бөлігін өзінде қалдыруға мүмкіндік береді. Бюджетке түсім әрине қысқарады, бірақ бұл шығыстар, Қазақстанның аумағында құрылатын кәсіпорындардан алынатын табыс салығының есебінен және сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін жеке тұлғалардың табыстарының есебінен өтелетін болады. Оған қоса, Салық кодексіндегі жаңа өзгертулер күшіне енеді: пайдалы қазбаларды өндіру салығы өсіп, корпоративтік салық азаяды, нәтижесінде кедендік баж салығының қысқаруынан бюджет қатты зардап шеге қоймайды.

- Кедендік одақ рәсімделгеннен кейін де Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мүмкіндігі ашық қалып отыр. Осы мәселе туралы не айтар едіңіз?

- Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері Дүниежүзілік сауда ұйымына Кеден одағы ретінде кіреді деген ұсыныс ДСҰ хатшылығының тарапынан қолдау таппады, себебі бұған дейін мұндай фактілер болмаған. Бірақ одан кейін, тәсіл өзгертілді, яғни Кеден одағының әр мемлекеті ДСҰ-ға жеке-жеке кіреді, бірақ өзарна ортақ мүдделерін ескереді. Егер, Ресейдің ДСҰ-ға 90 пайызға кіргенін, Қазақстанның - 85 пайызға, Беларусь елінің - 50 пайызға кіргенін ескерсек, Кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары негізінде қалыптасып отыр. Яғни, осы тұрғыдан алғанда, техникалық мәселелер туындамауы керек. Дегенмен, барлық үш елдің ұйымға кіруі жөніндегі келіссөздерінің мерзімі ұзартылады. Қалай болғанда да, Қазақстан , барлық Кеден одағы сияқты ДСҰ-ға мүше болады. ДСҰ халықаралық сауда-саттықты реттейді, ал біз оған атсалысып отырғандықтан, жай байқаушы емес, өзінің және жалпының мүддесі үшін ұйымның жұмысына әсер ете алатын корпоративтік мүше болған дұрыс.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар