Кеден одағының еркін экономикалық аймақтары туралы келісім өзгерістері ратификацияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс Кеден одағының еркін экономикалық аймақтары туралы келісімге енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

«2018 жылы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Жаңа кодексті ескере отырып, мүше мемлекеттердің барлық қажетті нормативтік-құқықтық құжатын өзектендіру қажет болды. Осыған орай 2021 жылдың 19 қазанында Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақтың 5 елінің басшылары арнайы экономикалық аймақтар бойынша келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Хаттамада заңдық және редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу, оның ішінде Еуразия экономикалық одағының Кеден кодексінің нормаларына сәйкес негізгі терминология мен кедендік реттеу мәселелерін сәйкестендіру көзделген.

«Тұтастай алғанда, ең басты үш өзгеріс енгізіліп отыр. «Кеден одағының комиссиясы» деген ұғым осы заң жобасының мәтіні бойынша «Еуразиялық экономикалық комиссия» деген сөзбен, «Кеден одағына мүше мемлекет аумақтары» деген ұғым «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумақтары» деген ұғыммен ауыстырылып жатыр. Екіншіден, АЭА резиденттері бұған дейін резиденттігін тіркеген соң міндетті түрде жариялауымыз қажет еді. Бірақ қай жерде, қандай ақпарат құралдарында жариялау тетігі бекітілмеген. Жаңа заңға сәйкес, қай кәсіпорында резидент болса, сол одақтың ресми сайтында жариялау қажеттігі нақты көрсетілген», - деп түсіндірді министр.

Үшіншіден, еркін кеден аймағының кедендік рәсімін реттеуге яғни Еуразиялық экономикалық одағының Кеден кодексіне және дауларды шешу бойынша осы одақтың шартына сілтеме енгізілген.

Министрдің айтуынша, келісімді ратификациялау туралы заңның қабылдануы теріс құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық салдарға әкеп соқпайды.

Нәтижесінде заң жобасын қатысып отырған 96 депутаттың 90-ы мақұлдады, 2 депутат қарсы болып, 4 депутат қалыс қалды. Көпшілік дауыспен шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum