12:26, 05 Мамыр 2009 | GMT +5
Кеден саласында осы уақытта жемқорлықпен күреске бағытталған 27 шара іске асырылды ? Қ.Кәрбозов
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеден саласында жемқорлықпен күреске бағытталған 27 жүйелі шара іске асырылды.

Бұл туралы бүгін «Кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарын жетілдірудің стратегиялық әдістері: Халықаралық тәжірибе» атты семинар барысында Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, кеден органдарындағы жемқорлықпен күрес алгоритмі - осы мәселеге ықпал ете алатын сыртқы және ішкі әсерлердің барлығын негізге ала отырып жасалған құжат. «Бүгін біз өз саламызда жемқорлықпен күрес бағытында 27 шара жүзеге асырылды деп нық сеніммен айта аламыз. Олардың бірі бүгінде біз кеденде тәуекелдерді селективті жолмен басқару жүйесін енгіздік. Сонымен қатар біздің бастамамызбен жеке тұлғалардың кедендік төлемдерді жүзеге асыру ісі оңтайландырылды. Сондай-ақ кедендік тарифтердің ставкаларын бір ізге келтіріп, кодтарды ретсіз пайдаланудың алдын алдық. Осы шаралардың қай-қайсысы арқылы болса да біз жемқорлыққа жол ашуы мүмкін мәселелердің жолын бөгеп отырмыз», - деді комитет төрағасы. Бүгінде кеденде рәсімдеу жұмыстары жетілдіріліп, халықаралық транзитті бақылау күшейтілген, жалған тауар тасушылармен күрес жұмыстары қатайтылған. Бұған қоса көлік құралдарын рұқсатсыз күттіріп қою мәселесі шешіліп, кеденде белгі қойылуы тиіс тауарларға электронды белгілер салу шарасы іске қосылды.