Кеден салығынан жалтарған компаниялардан тағы 26,3 млрд теңге өндірілді - Бас прокурор
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдан тауар тасымалдау нарығын монополияландырып алған сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушыларынан тағы 26,3 млрд теңге өндірілді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов твиттердегі парақшасында жазды.
«Кеден саласындағы жұмысты жалғастыру үшін қадағалау актісі бойынша СЭҚ-тың жекелеген қатысушыларынан мемлекет кірісіне қосымша 26,3 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар өндірілгенін атап өткім келеді. Осы саладағы прокурорлардың тексерулері нәтижесінде мемлекеттік бюджет 47,5 млрд теңгеге толықтырылды», - дейді Берік Асылов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл жыл басында прокуратура органдарының кеден саласына жүргізген тексерулері барысында сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушылары Қытайдан тауар тасымалдау нарығын монополияландырып алғаны мәлім болды.
«Сыртқы экономикалық қызмет жекелеген қатысушыларының әрқайсысы белгілі бір тауарға (аяқ киім, киім, қосалқы бөлшектер, техника, жеміс, көкөніс және т.б.) маманданып, елдің нақты аймақтарын өз арасында бөлген. Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару үшін импорттаушылар тобы 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы кодекстің талаптарын бұза отырып, әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп отырған», - деп хабарлаған еді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті 10 компанияға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы хабарлама берді. Бұған дейін сыртқы экономикалық қызметтің 7 қатысушысы бюджетке 21 млрд теңге қайтарғаны хабарланды.