Кедендік одақ Қазақстан үшін тиімді болмақ - ғалым пікірі

РАЛ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кедендік одақ Қазақстан үшін тиімді болмақ. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының профессоры Баян Шынтемірова мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ресей Ғылым академиясы халық шаруашылығы институтының болжамы бойынша, 2015 жылға қарай Кедендік одаққа мүше елдерге 400 млрд. доллар кіріс кіреді деп күтілуде. Бұл әр елдің ішкі жалпы өнім көлемі 15 пайызға артады деген сөз. Бұған қоса қазақстандықтар үшін Ресей мен Белоруссияда шыққан халық тұтынатын көптеген тауар түрі арзандайды. Бірақ бұдан екі елде шыққан өнімдерге баға тегіс түседі деген ой тумауы керек. Оған ешқандай кепілдік жоқ. Мұның бәрі рыноктағы нақты ахуалға байланысты. Ал өзге елдерден келетін көлемі анағұрлым үлкен тауарлар Ресейдің тарифтік талабына теңестіріледі, демек, олар қымбаттайды.

Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер үшін азық-түлік өнімдерін Ресейде сату тиімді бола түспек, есесіне ішкі рынокта жетіспеушілік туындап, бағасы өсуі мүмкін. Қазақстан Үкіметі осы жағдайдың алдын алу мақсатында алдағы бес жылға 400 позицияда баж салығын нөлдік деңгейде қалдырып отыр. Нәтижесінде бағаның өсімі бола қалған жағдайда да қарапайым азаматтар үшін ауыртпалықсыз, біртіндеп жүреді.

Тағы бір атап өтетін жайт, көптеген тауар түрлері үшін (мысалы, мұнай өнімдері, дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар және т.т.) Кедендік одақта рынок кеңиді.

Кедендік одаққа мүше елдер белгілеген инвестициялық жобаларға байланысты пайдаланылатын технологиялық құрал-жабдықтар, оларға қажетті қосалқы бөлшектер, шикізаттар, басқа да материалдар импорттық баж салығынан босатылады.

Кедендік одақ отандық рынокты бірнеше есе ұлғайтқанымен, жеке тауар өндірушілердің табысы тауарларының бәсекеге қаншалықты қабілеттілігіне байланысты. Енді өнім сапасын көтеру сияқты міндеттер мен мүлдем жаңа мүмкіндіктер туады.

«Қазақстан Кедендік одақ құрамына ену арқылы жаћандану дәуіріндегі болжаусыз экономикалық дауылдарға бірлесе қарсы тұруға мүмкіндік алады. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі шыңдалады деген сенім бар», деп қорытты ойын ғалым.

Соңғы жаңалықтар