Кедендік одақ талаптарына сәйкес, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне бұрынғы жеңілдіктер алынып тасталды

Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге қатысты журналистерге сұхбат берген Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіпшілер қауымдастығының өкілдері Кедендік одаққа қатысты бұрынғы тәртіпті өзгерту жөнінде Үкіметке арнайы ұсыныс жасаған. «Бұл ретте айта кететін мәселе, біз алып тастаған талаптар бұрын ресейліктерде де беларуста да да болмаған. Алайда бұл Қытай мен Түркияның тауарлары бізге келмейді деген сөз емес. Олар бізге келеді және бұрынғыдай бәсекеге қабілеттілігін сақтайды. Бірақ олар жалпыға бірдей тәртіппен әкелінеді», деді министр.
Оның айтуынша, елімізде отандық тауар өндірушілер үшін инвестициялық тетіктер бар. Олар қолданыстағы заңнамаларда да көрініс тапқан. Оған сәйкес, үшінші елдерден тасымалданатын құрал-жабдықтар кедендік баждардан босатылады. «Қазір Кедендік одақ аясындағы келісімдерге сәйкес, біз осындай тәртіппен әкелінетін тауарлардың тізімін кеңейтіп отырмыз. Бұл ереже материалдар мен шикізатқа да қатысты қолданылады. Яғни материалдар мен шикізаттар шетелдіктер немесе қазақстандықтар тарапынан үшінші елдерден тасымалданып және олар елдегі инвестициялық жобаларға пайдаланылатын болса, сондай-ақ осы тауарлар Кедендік одаққа мүше елдерде өте аз көлемде өндірілетін болса, оларға да жеңілдіктер жасалатын болады», деді Ж.Айтжанова.