Кедендік одаққа байланысты қазақстандық кеденге түсер жауапкершілік жүгі де ұлғайды

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- Кедендік одақтың құрылуына байланысты еліміздің кеден саласына түсер жауапкершілік жүгі ауырлай қоймаса, жеңілдемегені анық. Кедендік одақ деген іс жүзінде кедендік кедергілері жойылған, өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жоғары деңгейдегі ықпалдастығын білдіреді. Әлбетте, бүгінгідей әлемді дағдарыс жайлаған қиын-қыстау күндерде мұндай ықпалдастықтың маңызы арта түсетіні белгілі.
None
None

Кеше Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті 2009 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, Кедендік Одаққа мүше ел ретінде мемлекетте атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталды.

Басқосуда Кедендік бақылау комитетінің өткен жылы атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталған аталмыш комитеттің Кедендік кірістер басқармасының бастығы Елена Канашинаның айтуынша, өткен жылы кеден саласы мемлекет бюджетіне 575,4 миллиард теңге құйып, алдын ала болжамдалған жоспарды 105,5 пайызға орындаған. Бұл әрине үлкен жетістік. Сондай-ақ оның айтуынша, Кедендік Одақ қызметін бастағалы еліміздің кеден саласына барынша көңіл бөлінуде. Аталмыш саланы дамытуға үкіметтен қыруар қаржы бөлініп, қазіргі таңда еліміздің кеден бекеттеріндегі жағдайды жетілдіруге күш салынуда. Атап айтқанда, еліміздің өзге елдермен шектесетін тұстарындағы кеден бекеттеріндегі жағдайларды реттеп, оларға қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар сатып алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыс әкімшіліктері де жұмылдырылмақ. Оның үстіне қазір кеден саласының алдында оңтүстік өңірдегі шекара мен Қытаймен шектесетін аймақтардағы шекараны нығайту басты міндеттердің бірі болып отыр. Сондықтан қазір кеден саласындағы жұмыс шаш-етектен десе болады. Өйткені кеденшілер тек Кедендік Одақ аясындағы шараларды ғана жүзеге асырып қоймай, кеденнің тікелей құзырындағы, яғни ішкі мәселелерімен де айналысулары керек. Ол аз болса, мемлекет биыл кеден саласына еліміздің бюджетіне 586 миллиард теңге кіріс әкелуді тапсырып отыр.

Бұл бағыттағы тағы бір айта кетерлік жаңалық жақында ғана, яғни қаңтардың 8-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Құжат сәтін салса, жазға қарай күшіне енеді. Кеден саласына аталмыш құжат аясында да бірқатар шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Жалпы бұл құжаттың басты ерекшеліктерінің бірі еліміздің кеден саласының заңнамаларының барлығын Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкестендіруді көздейтіндігі. Ал ол үшін әрине еліміздің Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бізге нендей өзгерістер әкелмек? Біріншіден аталмыш құжат талаптары бойынша еліміздің Кеден кодексіне 1994 жылдың сәуір айының 15-інде Марракеште қол қойылған келісімдегі сауда және зияткерлік меншік құқықтарына қатысты талаптарды енгізу қажет. Жалпы еліміздің кеден саласының заңнамалары Дүниежүзілік сауда ұйымының аталмыш келісімінің талаптарына онсыз да сәйкес. Бүгінде еліміздің кеден органдары өздерінің құқықтарын кеден саласының күшімен қорғау жөнінде өтініш білдірген құқық иелерінің реестрін жүргізеді. Қазіргі таңда аталмыш реестрде 16 құқық иесінің 484 тауар түрлерінің атауы бар. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің 58-ші бабы бойынша қосымша өкілеттіктер берілген. Бұл өкілеттіктер біздің заңнамамызда жоқ. Оған сәйкес құзырлы органдардың зияткерлік меншік құқығы бұзылғандығы жөнінде нақты деректер мен дәйектері болатын болса, олар құқық иесінің арызынсыз-ақ тауардың шығарылуы мен оның таралуына өз бетінше тыйым сала алады. Яғни кеденшілер контрафактілік өнімді анықтаған жағдайда немесе өнім реестрде тіркелмеген болса, оған бірден тыйым салуға құқықтары бар.

Баршаға мәлім, Елбасы Қаңтардың 7-сі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кеден істері мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды. Қазіргі таңда еліміздің кедендерінде 5 түрлі мемлекеттік орган 6 түрлі тексеру жүргізеді. Атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті - шекаралық, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-карантинді, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық және фитосанитарлық, Көлік және коммуникация министрлігі көліктік, Кедендік бақылау комитеті кедендік тексеру жүргізеді. Кедендегі тексерулердің осыншама мөлшердегі көптігі әрине, тауарлар мен көліктердің кеденнен өту кедергілерін жиілетеді. Сонымен қатар олар бір-бірінің қызметін қайталап, формальды түрде орындалатын талаптарды көбейтеді. Оның үстіне аталмыш тексерулерді толығымен жүзеге асыратын материалдық-техникалық базаның толық жетімсіздігі жұмыс тиімділігін төмендетеді. Сонымен қатар бүгінде тексеру жүргізетін мемлекеттік органдардың жауапкершіліктері де нақты, біркелкі емес. Ал алдағы уақытта осындай олқылықтардың барлығының орнын жабу үшін Қазақстан шекарасынан автомобиль өтетін орындарда ықпалдастырылған тексерулер жүргізілетін болады. Енді заңға енгізілген өзгерістерге орай, шекарада небәрі екі мемлекеттік орган ғана тексеру шараларын жүзеге асырады. Кеден қызметі кедендік тексеру жүргізсе, шекара қызметі шекаралық тексеру жүргізеді. Бұл ретте санитарлық-карантинді, ветеринарлық, фитосанитарлық және көлік тексерулерін кеден органдары жүргізетін болады.

Кеден саласы қызметкерлерінің пікірлерінше, аталған шаралар өткізу тіректеріндегі мемлекеттік тексеру жұмыстарын оңтайландырып, көліктердің себепсіз тоқтап тұруының алдын алып, мемлекеттік органдар жүргізетін рәсімдеу шараларын жылдамдатады. Ең бастысы, аталмыш шаралар халықаралық стандарттарға негізделген және оны халықаралық кеден ұйымы да қолдап отыр. Бұл реттегі халықаралық тәжірибе аталмыш шаралардың қаншалықты тиімді екендігінің тағы бір дәлелі.

Кедендік бақылау комитетінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Николай Ефимчуктың айтуынша, кеден органдары қазір өткізу тіректеріндегі көліктік, сантитарлық-карантиндік бақылауды толықтай қолға ала алады. Ал ветеринарлық бақылау мен өсімдіктер бойынша бақылау шараларын кеден қызметі өкілдерінің басшылығымен Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы жіберіліп отыратын мамандары жүргізеді. Бұған қоса заң жобасында бизнес өкілдері үшін әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі нормалар енгізілген.

Кедендік Одақ Қазақстан, Беларус, Ресейдің басын біріктіріп отырған іргелі шара. Бұл одақ елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қаншалықты игі ықпалын тигізетінін уақыт көрсетер, бірақ оның аясындағы жұмыстар еліміздің кеден саласындағы мәселелерді шешуге оң әсерін тиігізіп жатқандығы әлден-ақ байқалуда.

Соңғы жаңалықтар