Кедендік процедуралардың 17 түрі 1 ақпанға дейін электронды декларациялауға көшеді

«Алдымен электронды декларацияның бүгінгі қолданыстағы жүйеден айырмашылығын айтайын. Белгілі бір тауарды елге әкелсеңіз, бірнеше құжаттарды толтыру керек. Біріншіден, «келдім» деген, одан кейін «қоймаға қоямын» деген құжаттарды толтыруға тиіс боласыз. Содан кейін ғана декларация толтырылады. Оның алдында бірнеше құжат болды. Құжаттың барлығын электронды жүйе жойып отыр. Тек қана жүк келмей тұрып, алдын ала ақпаратты 2 сағат бұрын берсеңіз, осы жүйе («Астана-1» ақпараттық жүйесі авт.) ақпаратты автоматты түрде қолдана алады. Демек, тауардың келгенін, қоймаға енгенін электронды түрде тіркеп, ешқандай заңбұзушылық болмаса, алдын ала келген ақпарат автоматты түрде декларацияға айналады», - деді ол елордада өткен «Астана - 1» ақпараттық жүйесінің мәселелері талқыланған видеоконференциядан тыс тілшілерге берген сұхбатында.
Ғұсман Әмрин өз сөзінде жүйе жеңілдіктері туралы айтып берді.
«Біріншіден, қағаз түріндегі құжаттар ақша тұрады. Яғни, сіз брокерге құжат толтыру үшін ақша берсеңіз, оның сыртында осы процестердің барлығына уақыт кетеді. Демек, электронды декларациялау ақша мен уақыты үнемдейді. Оның сыртында біз транзит процедурасын іске қостық. Демек, алдын ала берілген ақпарат автоматты түрде кедендік декларацияға айналып, бәрі адам факторының қатысуынсыз жүзеге асады. Ең үлкен нәтиже - осы. Қазір декларацияны қабылдап тауарды шығаруға жарты сағат уақыт кетеді. Ал тың жүйе арқылы бұл жұмысты 15 минутта атқаруға болады. Дүние жүзілік тәжірибелерге сүйенсек, бұл жұмыс 5 минутта ғана атқарылады», - дейді комитет төрағасының орынбасары.
Ол сонымен бірге, сыртқы экономика саласында еңбек ететін мамандар «кемшіліктеріңіз бар» деп айтып жатқанын да тілге тиек етті.
«Біздің «Астана - 1» ақпараттық жүйе бізге ешқандай шығынсыз енгізіліп отыр. Бюджеттен ақша шығарған жоқпыз. Неліктен осы жүйені таңдап отырмыз? Бұл жүйе дүние жүзінде «Асикода» деп аталады. Әлемдегі 92 ел «Асикоданы» қолданып отыр. Біріншіден тың жүйе бойынша 1 қаңтардан бастап экспортты ғана электронды декларациялауға өткіземіз. Содан кейін кезең-кезең бойынша қалған кедендік процедуралар электронды декларацияға 1 ақпанға дейін енеді. 17 процедура бар. Ең үлкен үшеуі - транзит, экспорт және импорт. Импортты 1 ақпаннан бастаймыз. Екі айдың арасында біз басқа процедураларды енгіземіз. Негізгісі - экспорт пен импорт, транзит болғандықтан, қалған 14 процедура көп қолданылмайды», - дейді Ғұсман Әмрин.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік 17 процедураның барлығы электронды декларациялауға өтуі тиіс болатын. «Астана - 1» пилоттық жобасы алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймақтарына таралмақ. Тауарларға қатысты кедендік процедуралар, атап айтқанда, ішкі пайдалануды шығару, экспорт, кеден транзиті, кеден қоймасы, кеден аумағында қайта өңдеу, кеден аумағынан тыс қайта өңдеу, ішкі қолдану үшін қайта өңдеу, кедендік еркін аймақ, бос қойма, уақытша әкелу, уақытша әкету, кері импорт, кері экспорт, бажсыз сауда, жою, мемлекет пайдасына бас тарту, кедендік арнайы процедура электронды жүйеге көшіріледі.