Кедендік төлемдерден жалтарған 7 компания мемлекетке 21 млрд теңге қайтарды - Бас прокуратура

«Сыртқы экономикалық қызмет жекелеген қатысушыларының әрқайсысы белгілі бір тауарға (аяқ киім, киім, қосалқы бөлшектер, техника, жеміс, көкөніс және т.б.) маманданып, елдің нақты аймақтарын өз арасында бөлген.
Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару үшін импорттаушылар тобы 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы кодекстің талаптарын бұза отырып, әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп отырған», - делінген ресми хабарламада.
Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті 10 компанияға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы хабарлама берді.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 236-бабы (кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Бүгінгі таңда сыртқы экономикалық қызметтің 7 қатысушысы («Tex Alliance», «Almobi Group», «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», «Group of the companies TDA», «Ai-To Progress», «Global Logistics Ved» және «TL NIKA кеден» ЖШС) қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 21 млрд теңге қайтарды. Қалған қоса есептелген сомаларды өндіріп алу, оның ішінде аталған компаниялардың кепілдік мүлкі есебі арқылы жалғасып жатыр», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.