«KEGOK» компаниясы АЭС құрылысына қалай қатысады – Кәсіпорын басшысы жауап берді
«KEGOK» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстанда АЭС салынса, оған кәсіпорын қалай атсалысатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер Балқаш түбінде немесе Қазақстанның кез келген нүктесінде АЭС салынса, KEGOK ол жобаға қандай функциямен қатысады? Қанша дегенмен үлкен көлемдегі қосымша қуат пайда болады ғой. Ол қалай генерацияланады?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Компания басшысының айтуынша, бұл жобаға KEGOK тікелей қатыспайды. Ал өндірілген энергияны тасымалдау үшін өз қаражатына желі тартады.
«Біз АЭС салынса, қосалқы электр стансасын жасаймыз. АЭС-тен шығатын бүкіл желілерді қосуымыз керек. Соған қатысамыз», - деді Нәби Айтжанов.
«Оның шығыны кімнің есебінен өтеледі?», - деп сұрады журналист.
Кәсіпорын басшысы жаңадан тартылатын желіні компания өз қаражатына орнататынын айтты.
«Жоқ, ол біздің қаржымен ... Ол жаңағы бөлінеді. АЭС салушылар өз генерациясын ғана орнатады. Ал біз оған қосылатын желілерді қосамыз», - деді акционерлік қоғамның басқарма төрағасы.