«Кел, сөйлесейікке» келетіндер көп: Өскеменде балалар да, қарттар да баратын тіл клубы бар
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада түрлі үйірмелер бар. Соның ішінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді үйрететін «Кел, сөйлесейік!» клубын ерекше атап өтуге болады. Себебі оған мектеп оқушыларынан бастап жасы алпыстан асқан қарттар да жиналады. Бұл мақаламыз сол клуб жайлы.
Құрылғанына екі жылдан асты
«Кел, сөйлесейік!» клубы 2022 жылы құрылған. Алғашында тіл жанашырлары ерікті түрде өзге ұлт өкілдеріне ауызекі сөйлеу тілін үйретті. Кейіннен қатарға кәсіби тіл мамандары қосылып, клубтың дамуына өз үлесін қосқан. Клубта тіл үйретудің әртүрлі әдіс-тәсілдері қолданылады. Екі жылдың ішінде жалпы саны 600 адам қазақ тілін үйренуге ниет танытқан.
«Ауызекі сөйлеу алаңы болғандықтан алғашқы жылы қатысушыларға қатаң тәртіп болған жоқ. Сабақ еркін форматта, ойын түрінде өтті. Әр сабақ жаңа тақырыпты қамтығандықтан жаңадан қосылғандарға барлығы түсінікті болды. Күнделікті тұрмысқа қатысты тақырыптар әр сабақта қозғалып отырады», - дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Сөйлесу алаңы 2 жылда оң нәтиже көрсете бастаған соң, өзгелерге үлгі болу мақсатында «Кел, сөйлесейік!» клубының қалалық викторина сайысы ұйымдастырылды. Бұл жаз бойы Өскемен тұрғындарының жайлы демалыс орнына айналған Арбатта өтті. Әр интеллектуалдық сайыста оза шапқан жеңімпаздар қала күніне орай ұйымдастырылған финалда өзара бақ сынады. Осы сөз сайысында қазақ тілін меңгерген 2 үйірме қатысушысы жүлделі орындарды жеңіп алды. Егор есімді үйірменің тұрақты қатысушысы осы жолы да өз білімін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ата-анасы да тілді жоғары деңгейде үйренуге ниет білдіріп, әрі қарай үйірме сабағын қалдырмай оқығанын қалайды.
«Өткен жылдың қыркүйек айында әлеуметтік желі арқылы хабарландыруды көзіміз шалып қалды. Кітапханада қазақ тілін үйрететін клубқа қабылдау жүріп жатыр екен. Соған жазылып, қазан айынан ұлым екеуіміз қатыса бастадық. Егорды осыған дейін басқа түрлі тіл орталықтарына, үйірмелерге апарғанмын. Бірақ бағдарламасы ауырлау соқты. Ал «Кел, сөйлесейік!» клубы оған бірден ұнады», - дейді оқушының анасы Ирина Егорова.
Осылайша, анасы мен баласы бірге қазақ тілін үйреніп жүр. Үйде бір-біріне қазақша сөйлеп, тілдерін жаттықтырады.
«Бізде әр сабақ әртүрлі өтеді. Ойын түрінде де болады. Маған өте ұнайды. Мереке күндерінде концерт қойып, өнер көрсетеміз. Өзім өлең оқып, ән айтқанды жақсы көремін. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп шығамын», - дейді 9 жасар Егор Буньков.
Анасының айтуынша, олар клубқа мектепте жақсы баға алу үшін емес, мемлекеттік тілді үйреніп, күнделікті өмірде қолдану үшін барады.
«Ұлым тіл білсе жаңа достар тауып, дами түседі деп сенеміз. Клуб сабақтарына қалмай баруға тырысамыз. Егор өзі де тағатсызданып күтіп жүреді. Сабақ уақытында туыстарымыз, достарымыз қонаққа шақырса да бармаймыз. Себебі қазақ тілін үйрену – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі», - дейді Ирина Егорова.
Қатысушылар екі топқа бөлінді
Биылдан бастап азаматтар тіл білу деңгейіне қарай екі топқа бөлінген. Оған себеп - осы уақытқа дейін тұрақты тіл үйренушілердің деңгейінің артуы. Сондай-ақ Өскемен қаласындағы ЖЭО, «Өскемен Водаканал» КМК, СЭС қызметкерлерімен бірге, қатарға әкімдік мамандары қосылған. Қаладағы мемлекеттік басқармалар да осы жылдан бастап қазақ тілін үйренуге ынта танытты. Сонымен қатар «Жұлдыз» өнер мектебінің ішінде «Кел, сөйлесейік!» клубының кеңсесі ашылды.
Мемлекеттік қызметкерлерге тіл үйретуге күш салып келе жатқандардың ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, қалалық мәслихат депутаты Надежда Шушаникованың орны бөлек.
«Бала күннен ұстаз болуды армандадым. Бірақ нақты осы жолды таңдаймын деп 7-сыныпқа келгенде шештім. Алдыма қазақ тілі пәнінің мұғалімі боламын деп мақсат қойдым. Әйтеуір көп жылғы еңбектің арқасында сол мақсатыма жеттім. «Кел, сөйлесейік» қазақ тілді клубында сабақ беруге ұсыныс түскенде тіл жанашыры болғандықтан еш ойланбастан келісімімді бердім. Қазақ елінде тұратын әр адам мемлекеттік тілді білуі тиіс деп ойлаймын», - дейді ол.
Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханың Өскеменнің түкпір-түкпірінде 13 филиалы бар. «Кел, сөйлесейік» клубының сабақтары солардың әрқайсысында өтеді. Әр мұғалімнің, ерікті жастардың сабақ өткізу әдістемесі әртүрлі. Кітапхананың бөлмелері тар филиалдарында 7 адамға дейін оқи алады. Ал орталық кітапханада 20-дан астам қатысушы сыяды.
«Балаларға, ересектерге арналған топтар бөлек. Қазақ тілінде контент жүргізетін блогер Василий Березовский клубтың дамуына өз үлесін қосып келеді. Жарты сағатта жаңа тақырыпты түсіндіріп, қалған жарты сағатта түсінгендерін бекітеді. Сабақ өткізу барысы қабылдауға жеңіл, креативті ойлардан тұрады. Аблакетка шағын ауданындағы кітапхананың 6-филиалына отбасымен келіп қатысатындар бар. «Кел, сөйлесейік!» клубының мамандары әдейі ұйымдастырмаса да сабақтар отбасылық форматта жүріп кетті. Бұл үйде де сабақта үйренгендерді пысықтауға өте ыңғайлы», - дейді кітапхана директорының орынбасары Ж.Жиенбекова.